- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Жарыңызды жігерлендірем деп...
Жарыңызды жігерлендірем деп жасытып алмаңыз
Ер адамның басын төрге де, көрге де сүйрейтін жанындағы жұбайы деген сөз бар. Мұны тікелей мағынасында қабылдап, мен болмасам, бұл адам болмайды деп ойлап жүрген нәзік жандылар қаншама. Осылай жарын жігерлендіремін деп неше түрлі сөз айту арқылы, алға жылжуына кері әсер етіп, тіпті оның жанын жаралап алуы да ықтимал.
"Еркексің ғой, сенің міндетің"
Бұл сөзді айтқанда құдды азаматымыз намыстанып орнынан ұшып тұрып, жалғыз өзі бір демде құмнан тау тұрғызып келетіндей көреміз. Алайда олар жалғыздықта ештеңе істегісі келмейді. Басқа адамдардан, әсіресе әйелінен қолдау, қолпаштау түсіністік таныту күтеді. Олар құлтемір емес. Бала кезінен "жігітсің ғой, міндеттісің", "батырсың ғой, олай болмайды" деген сөздерден, әрдайым өзін әлденеге міндетті сезінуден шаршаған.
"Еркек емес, ез екенсің"
Бұл сөзді айтқанда еркек бар жігерін бойына жинап, іске кірісіп кетеді деп ойлаймыз. Бірақ бұл ер адамның ашуын келтіретінін еш ойламаймыз. Жағдайды одан ары қиындатып, араңызды суытып алғыңыз келмесе, сүйген адамыңызға мұндай сөзді айта көрмеңіз.
"Анам айтты"
Ана – әр адам үшін қандай болса да идеал. Оның әр сөзі алтындай. Бірақ үйі бөлек, күйі бөлек сіздің анаңыз күйеуіңіз үшін ешқашан айтқанының бәрі рас мінсіз адамға айнала алмайды. Сондықтан онымен сөйлескенде анаңызды араластырудың қажеті шамалы.
"Достарыңның кесірінен..."
Достарының кесірінен қанша кедергіге кезіккенін айтып сөгер болсаңыз, "Сол алқашпен араласпа", "өтірікшімен сөйлеспе" дегендей етіледі. Мүмкін сіздікі де дұрыс шығар, сіз айтқан адаммен достығы отбасыңызға еш пайдасын тигізбейтін шығар, дегенмен оның араласар ортасын кесіп-пішу әйел адамның килігетін ісі емес, ер адамдардың достығы көбі түсіне бермейтін ерекше құбылысқа құрылады.
"Қалай түсінбейсің"
Әйел заты – жұмбақ жаратылыс. Оның іші де, сырты да сырға толы болғанда ер адам оған ынтыға түседі дейді. Алайда әйелдің көбі жұмбақ болуды ішкі ойын, қалауын азаматына айтпаумен шатастырады. Осылай іштей тынып, ойымдағыны тап деп жүреді, таба алмаса тағы ренжиді. Олар көріпкел емес қой.
"Тапқаның танау сүртуге де жетпейді"
Ер адам қаржылық мәселеге қатты алаңдайды. Біз әйелінің мойнына мініп алатындар емес, нағыз еркектер туралы айтып отырмыз. Олар жатса да, тұрса да қайтсем бала-шағамды қатарынан кем қылмай өсірем деген оймен жүреді. Онсызда жаны мұрнының ұшында жүрген ер адамға "Аз ақша табасың", "Жалақың ештеңеге жетпейді" деген сөздер жігерін еш жани алмайды, керісінше, "қолыңнан түк келмейді" дегендей боп естіледі.
@. @assel_assanova