Өмірге сәби келер кезді асыға күтіп, тіпті оған қажетті заттарды да алдын ала дайындап қоямыз. Қазақ халқында дүние есігін ашпаған балаға арнап зат алу жаман ырым саналады. Бірақ оның барлығы тек өз сеніміңізге байланысты. Тек шектен шығып, барлық затын алып қоймай, тек туғаннан кейін қажет болатын бір-екі аптада пайдаланатын нәрселерді алсаңыз болады. Себебі осынша уақыт өткеннен кейін өз-өзіңізге келіп, қайтадан дүкенге шығып, қажетті заттарыңызды түгендеп алуға мүмкіндік туады.
Жас ананың өз талғамымен таңдап алғысы келетін басты нәрсесі – нәресте киімдері. Алайда құрсағындағы тұңғыш баласы болса, балаға киім таңдауда оның өлшемін де білмей, қандай жайттарға мән беру керегін де ескермеуі мүмкін. Мұндайда сатушы көмекке келеді, ал олардың көбінің басты мақсаты өтіріктен мақсата да өз тауарын өткізу. Қателікке ұрынбау үшін біз ұсынған кеңестерге құлақ түріңіз.
Бастысы – сәбиге ыңғайлылығы
Баланың өскені күнде көріп жүрген көзге білінбейді. Алайда олар сәт сайын өседі, өскен сайын көп қимылдайды. Қозғалған кезде балаға ыңғайлы болуы үшін киімі кеудесіне тар болмай, шақ не кеңірек болғаны абзал. Алайда кең болсын деп тым салбыраған, ұзын киімдерді кигізіп қойсаңыз, енді еңбектей бастаған бала сүрініп құлауы да ықтимал, осы жағын ескеріңіз. Жаңа туған нәрестенің терісі нәзік келеді, сол себептен теріс тігілген киімдерге шошына қарамаңыз, қайта баланың денесіне тігісі батпайтындай, осындай киімдер ыңғайлы.
Жаңа туған нәрестеге көп киімі сыйлыққа келеді. Тумай тұрып көп киім алып қойып, өкініп жүрмеңіз. Балаға «бауы берік болсын» айтуға келген адамның барлығы дерлік бір-бір киімнен көтеріп келеді. Егер келер адам жақыныңыз боп, сізден қандай киім алуды сұраса, қазір киетін емес, сәл үлкейгенде киетін киім алуын айтыңыз. Әкелген киім бірер аптадан кейін сыймай қалып, сізге де пайдасыз боп, әкелген адамға да ыңғайсыз болмауы үшін, ақылдасып алудың да еш сөгеттігі жоқ.
Ал өзіңіз киім сатып алғанда бір-бірінен айнымайтын бір өлшемдегі киімдерді алмауды есте сақтаңыз. Кейде бір ғана ұнайтын түске назарымыз түсіп, киімдерінің барлығы бірдей қара түсті боп кеткенін де байқамай қалуымыз мүмкін. Киім алуға барғанда қызығушылықпен ананы да, мынаны да ала бермей, нақты қандай киімдер неше түрінен керек екенін анықтап барыңыз. Сонымен қатар қазіргі өлшемінен, 1-2 өлшемге үлкендеу түрін алуды да ұмытпаңыз.
Баланың киімінде түймесі аз не жоқ болғаны дұрыс. Кішкентай баланың киімін жиі-жиі ауыстырып тұруға тура келеді. Ал балалар мұны ұната бермейді. Мұндайға түймесі астында орналасатын боди киімдері жақсы сәйкес келеді. Түйменің денеге батпайтын, кішкентай, ыңғайлы жерде орналасуына да мән беріңіз. Кішкентай сәбилер айналасын тани бастағанда барлық нәрсені аузына салып көретіні белгілі. Ал жеңінде не басқа да көзге түсетін жерінде түйме болса, оны аузына салып, бір жерін ауыртып алуы да мүмкін не жұтып қоюы да ғажап емес.
Балаға арналған киім жұмсақ матадан тігілген, терлетпейтін, көп мөлшерде бояу қосылмағана болуы да басты шарттардың бірі. Жоғары сапасына көз жеткізу үшін сатушыдан тауардың сертификатын не басқа да құжаттарын сұрауыңызға болады. Баладан барыңызды аямай, мейлінше сапалы киім кигізуге тырысыңыз.