- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Жаңа тренд: фото...
Жаңа тренд: фото түсқағаздар
Көз алдыңызға елестетіп көріңізші: теңіз жағасы, тыныштық, әсем табиғат. Расымен әдемі, иә? Кейде қаланың қарбаласынан шаршап, тыныққыңыз келген кезде, баз кешіп, шет жаққа кеткіңіз келіп тұратын шығар?! Тек сол сұлу табиғатты тамашалау үшін ғана.
Қабырғасын түгелімен бір телегей теңіз алып, артын тау қоршап тұрған суреті бар түсқағаздарды көзіңіз шалған болар? Иә, бүгінгі түсқағаздардың жаңа тренді – фото түсқағаздар.
Заманауи үлгіде жасалған түсқағаздардың жаңа түрі бояуға қанық әрі сапалы. Қағазға, текстильге басылған және өзі желімделетін түсқағаздар өте ыңғайлы. Алайда, бұл түсқағаздың кемшіліктері де баршылық. Фото түсқағазды тек тегіс әрі жазық қабырғаға ғана жапсыруға болады. Егер қабырға қисық не, сырылған болса, түсқағаз жабыспауы мүмкін. Дүкенге барсаңыз, бұлардың түр-түріне көзіңіз түсері анық. Қайсысын алам деген сұраққа жауап таба алмай қиналуыңыз мүмкін. Түсқағаздардың қағаздан жасалғанынан гөрі текстильде басылғаны төзімдірек. Әрі кір көтереді.
Бөлмеңіз өзіңізге шағын көріне ме? Кейде, дүниенің кеңдігінен пайда болмай, бөлмеңіз шағын боп, тынысыңыз тарылып, беймаза күй кешетін сәттерден жалыққан боларсыз. Міне, аталған түсқағаздың түрімен үйіңізді үлкейтуге болады. Кеңістік. Алысқа бағытталған жолдар немесе телегей теңіз бейнеленген суреттері бар түсқағазды қабырғаға жапсырсаңыз, үйіңіз өзгеше боп шыға келеді.
Түсқағазды түгел қабырғаға жапсыруыңызға да, оны бөліп те бөлмеге сән беруге болады. Тіпті экраннан көріп жүрген студиялар да осы түсқағаздарды қолданады. Терезенің арғы жағынан зәулім де биік қала көрінісі көп қолданылады. Тіпті Алматы қаласын да суретке түсіріп, сапалы түсқағаз етіп басып шығаруға болады.
Егер жаныңыз шығармашылықты қаласа яғни креативті қаласаңыз, кітап сөресі мен кітаптар бейнеленген жапсырмалар алуға болады. Каминдер мен шедевр мүсіндер бейнеленген түсқағаз да сізге шабыт сыйлауы мүмкін. Үйіңізге келген қонақтарды осылай таң қалдыруға болады.
Ақ-қара түсті қабырғаның қасында, түрлі түсті жиһаздарды қойып, бөлмеге еркеше сән беруге де болады. Мәселен, Эйфель мұнарасы бар түсқағаздың жанына қызыл түсті креслоны немесе түрлі түсті құмыралар қоюға болады. Фото түсқағазды көбіне қонақ бөлмеге жапсырады. Әрине, үйге келген-кеткен адамдардың барлығы соншалықты сұлулықты көруі тиіс. Жатын орнына тыныш әрі көзге оттай басылмайтын солғын түстес жапсырмалар қажет.
Қонақ бөлмеге қандай түсқағаздар жапсыруға болады? Жаңа, заманауи стильдегі модерн, түрлі қала көріністері, көздің жауын алатын табиғат сынды тақырыптағы суреттерді таңдауға болады.
Голливудтық гламурды үйіңізге енгізгіңіз келсе, олардың суреттерін, ұнаған киноленталардан үзінді, жұлдыздардың портреттерін де қабырғаға жапсыруға болады.
Өзіңіз ұнататын суртешілердің шығармаларын, сәнді үйлер мен эксклюзив туындыларды көріп, нағыз ақсүйектерше өмір сүре аласыз.
Пейзаж, табиғат та қонақ бөлмесіне дәл келеді. Таза ауа, жаңа леп сыйлағандай сезінесіз.
Н. Айдархан