Қазіргі таңда жалқаулық адамның соңынан қалмайды. Ол бізді ұйқыға, түк бітірмей жатуға шақырады. Бұл мінез бе, қасиет пе? Әлде, өзгертуге болатын әдет пе? Әрине, бұл - әдет. Жалқаулықтың антонимі – өз-өзіңді жігерлендіру. Жігерлендірудің әдістерімен таныса отырыңыз:
1. Кедергіні жеңу. Жұмыс істейтін үстеліңізге өзіңізді күштеп отырғызыңыз. Жалқаулыққа қарсы еңбектеніңіз. Ойын-сауық жайлы ойларды шеттетуге тырысыңыз. Бастаған ісіңізді ең болмағанда 10-15 минутқа жеткізіңіз. Бұл әдіс бізді жұмыс істеуге бағыттап, артық ойлардан алыстатып, еңбектенуге қажет энергиямен қамтамасыз етеді.
2. Елестету. Егер жұмыс істемей, жата берсеңіз, күйіңіз не болмақ? Соны елестетіп көріңіз. Яғни, еңбектенген күнде қалай, жұмыссыз күнде қалай боларын негативті және позитивті нәтижемен ассоциациялап көріңіз. Мысалы, егер жаттығу жасасаңыз, дене бітіміңіз сымбатты, ал сіз өзіңізге сенімді боласыз. Егер ерініп, жата берсеңіз, толып артық салмақ жинайсыз. Осылай елестету арқылы өзіңізді еңбектенуге үйретесіз.
3. «Сыйақы» тағайындаңыз. Жұмыс істеудің орнына ғаламтор шарлап, кино көріп, ойын ойнағыңыз келе ме? Алдыңызға нақты мақсаттар қойып, соларды орындағаннан кейін ғана демалыс күндері фильм көріп, ойын ойнаймын деп шешіңіз. Немесе басқа бір сыйақы тағайындаңыз. Ол өзіңіздің қалауыңызға байланысты болуы керек. Осы әдісті дұрыс пайдалана алсаңыз, уақыттың да қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаласыз.
4. Айналаңызды реттеңіз. Қоршаған ортаңыз жігерлендіруге әсерін тигізеді. Айналаңызды реттесеңіз, ойыңыз да жинақталады. Алаңдататын заттарды алып тастап, көңіл күйді жақсартатын дүниелер алғаныңыз жөн. Мысалы, өзіңіздің темпераментіңізге сай келетін түстегі қағазға қанатты сөздер жазып, қабырғаға жабыстырып қоюыңызға болады. Сондай-ақ хош иісті шам сатып алып, арасында жағып, жағымды иіс таратуыңызға болады. Бұл көңіл күйіңізді жақсартып, атмосфераны жұмсартады. Сондай-ақ жарыққа да мән беру керек. Жарық оң қолмен жазатындарға сол жақтан, сол қолмен жазатындарға оң жақтан түсуі керек.
Жалғасы бар...
Сурет: ©Николай Киреев
Оқи отырыңыз:
Жалқаулықты жеңудің ең жеңіл әдісі
Өз-өзіңді дамытудың шарттары #2
Бақытты болуға не кедергі?
Табысты болуға дайынсыз ба?