Интерьерді жылдам жаңартуға бірнеше идея

Кей заттарды аздап өзгертудің өзі үйдегі үйреншікті жабдықтарды түрлендіре алады. Жөндеу жұмыстарынсыз интерьерді өзгерткіңіз келсе, біренеше кеңес ұсынамыз.

Тоқыма бұйымдарды жаңарту
Жаңартудың ең жылдам әрі оңай тәсілі — тоқыма бұйымдарын ауыстыру. Дивандағы жастықтардың тысын ауыстырыңыз, жаңа жапқыш немесе тюль сатып алыңыз, жамылғы, сүлгі және кілемді алмастыруға болады. Осылайша, түстер екіпінін жаңаша қойып, көзге түсетін әсер жасауға мүмкіндік туады.

Қабырғаны безендіру
Егер бос қабырға болса, өзгеруге арналған кеңістік бар деген сөз. Бір түсті қабырға — постерлер мен суреттерге арналған керемет фон. Оның артықшылығы — оларды қалаған кезде жаңасына ауыстыра бере аласыз. Мысалы, маусымға байланысты суреттерге арналған жаңа тақырып таңдауға болады. Қабырғада бір идеямен біріктірілген түрлі форматтағы постерлерден тұратын композиция стильді көрінеді. Постерлерді сатып алу міндетті емес, оларды Pinterest-тен жүктеп, шығарып алуға болады.

Көгалдандыру
Бөлме өсімдіктері әрқашан дизайнерлік тренд болып қалады. Олар интерьерді оңай түрлендіре алады. Еденге немесе терезе алдына қойылатын құмыралардан басқа көгалдандыру түрлерін меңгеріп көріңіз. Мысалы: тігінен көғалдандыру немесе гүлдерге арналған ерекше орын табу. Бөлме өсімдіктерінің көмегімен бос бұрыштарды толықтыруға, үйді жайлы етуге және екпін қоюға болады. Сондай-ақ, гүлдерді ерекше ыдыстарға, мысалы, ескі шәйнек, әйнек шар немесе ағаш жәшікке отырғызуға болады.

Ас үйді өзгерту
Кішкентай ас үйдің өзіне өзгеріс сыйлауға болады. Бірінші кезекте, дастарханды ауыстырудан бастаңыз. Содан соң дастарханды безендіруге қолданатын ұсақ-түйек заттарды өзгертуге болады. Ас үйдегі жұмыс кеңістігіне өзгеріс енгізіп көріңіз. Мысалы, кофе немесе шай салатын әдемі құтылары, қант салатын ерекше ыдысы және стақандары бар шай ішетін бұрыш жасауға болады. Өсімдік және зәйтүн майларын арнайы бөтелкелерге құйыңыз. Мұндай кезде рinterest пен Instagram-нан шабыт алуға болады. Ұнаған идеяларды сақтап алып, кейін біртіндеп жүзеге асырасыз. Бірнеше дизайн-хештег ұсынамыз:

#bohohome 
#dreamkitchen
#scandinavianhome
#apartmenttherapy
#entryway

Көңіл күй тақтайын ілу
Сізде әлі де moodboard болмаса, бұл декор элементіне мән беруді ұсынамыз. Көңіл күй тақтайы — армандар визуализациясы, шабыт көзі және көзтартарлық интерьер деталі.

Терезені безендіру
Терезе интерьердегі ортаңғы орынды алады. Сондықтан терезе безендіруін өзгерту бүкіл бөлмеге әсер етеді. Жапқышты ауыстырыңыз немесе одан мүлдем бас тартыңыз. Жапқыштың түрлерімен тәжірибе жасаңыз: жалюзи, орама, тюль немесе ауыр перде. Терезенің алдын декорға арналған тағы бір жер ретінде пайдаланыңыз. Ол жерге бөлме өсімдіктерін, тірі гүлдері бар құмыра, шамдар немесе аксессуарлар қойыңыз. Немесе оны толықтай бос ұстаңыз.