Қазіргі таңда терезеге төгілген перде ілу сәнде емес. Бұл тенденцияны біздің елде сақтай бермесе де, интерьер трендтерінен ауытқымайтын Еуропа бұған әлдеқашан көшіп алған.
Бірақ терезені мүлдем жұпыны қалдырудың мәні жоқ. Үйде әдемі атмосфера орнату үшін терезе жақтауын сәндеудің өзі жеткілікті. Осы орайда бірнеше декор элементін назарларыңызға ұсынамыз.
Өсімдік
Ең пайдалы әдіс – көркем құтыға салынған үй өсімдіктері. Бұлар бір жағынан әдемі көрінсе, екінші жағынан ауаны тазалайды. Бірақ гүл күтімі қолыңыздан келмесе немесе оған уақытыңыз жоқ болса, бірден жасанды түрлерін сатып алыңыз. Бастысы, өсімдіктеріңіз сан қилы болса да, құтыларды бір-бірін толықтырып тұратын өзара үйлесетін түстерден қараған дұрыс.
Кітап
Жақтауға кітаптар мен газет-журналдарды текшелеп қойсаңыз да, әдемі көрінеді. Олардың мұқаба беттері бір-біріне үйлессе, тіпті, ғажап! Олардың үстіне өсімдіктер орналастыруға да болады. Сонда бірнеше сатылы ерекше композиция шығады.
Майшам
Қазір кез келген дүкеннен жұпар иісті майшамдардың түрлі-түрлісін табуға болады. Сыртындағы ыдысының өзін декорыңызды толықтыратындай етіп алсаңыз, құба-құп.
Мүсінше
Мәрмәр мүсіндердің кішкене имитациялары — интерьер сәнінің басты детальдарының бірі. Оларды әдетте ескі заттар сататын дүкендерден табуға болады. Винтаж дүниелер үйге ерекше әдемілік сыйлайды.
Құты
Сусындардың құтылары босағаннан кейін, оны қоқысқа лақтырудың қажеті жоқ. Мысалы, қарапайым Coca Cola шарап бөтелкесіндей ерекше болмаса да, кептірілген гүлдер салып қойсаңыз, нағыз винтаж элементтен айнымай қалады.