Әдетте үлкен үйлерде бір бөлмені екіге бөлу жиі кездесіп отырады. Алайда қазіргі таңда шағын пәтер иелері осындай "қулыққа" баруға мәжбүр. Себебі, жайлы өмір сүруге кеңістік жетіспейді.
Сол себепті біз бір бөлмені визуалды екіге бөлудің бірнеше тәсілін ұсынғалы отырмыз.
Қабырға немесе оның имитациясы
Бір кеңістікті екіге бөлудің ең қарапайым тәсілі –гипсокартоннан қабырға орнату. Бұл толыққанды нағыз қабырға болмағандықтан, үй құрылысына ешқандай зақым тигізбейді. Есесіне оған кәдімгі есік орнату арқылы екінші бөлме жасап алу мүмкіндігі мол. Егер сіз бөлмені осы күйінде ұзақ пайдалануды жоспарласаңыз, бұл таптырмас амал. Ал бөлменің екіге бөлінуі сізге тек уақытша ғана керек болса, басқа тәсілдерге жүгініңіз.
Биік жиһаз арқылы зоналау
Мысалы, биік шкафты бөлменің қақ ортасына орналастырсаңыз, бір бөлмеңіз екеу болмаса да, айтарлықтай автономды кеңістік пайда болады. Бірақ бұл сәннен қалып барады. Шкафтың орнына сөрелер пайдалану белең алған.
Стеллаж орнату
Қазіргі таңда кең қолданыста жүрген тәсіл – кеңістіктің ортасына стеллаж орнату. Бұл шкафқа қарағанда тиімді. Бір жағынан көп орын алмаса, екінші жағынан, декор қызметін атқарады. Оны кітаптар, түрлі өсімдіктер, құмыралар немесе фотографиялармен сәндеуге болады.