Бүгін және алда келе жатқан 8 наурыз мерекелеріне орай нәзік жандылардың құшағы гүлге орана бастайды. Осыған орай гүлдерді күту мен ұзақ сақтаудың құпиясымен бөліспекпіз.
Үзілген гүлді вазаға салып, оған толтырып су құяды (герберден басқасын, оның 1/3 бөлігін ғана суға батырады, өйткені, оның жұқа түк басқан сабағы суда тез шіриді). Үзілген гүлге құбырмен келетін онша суық емес суды пайдалануға болады. Мимоза гүлінің сабағын ыстық суға салғанымен, қауызына суық су шашу керек. Көптеген гүлдердің суын күн сайын ауыстырып отырған дұрыс. Үсті-үстіне еселеп су құйып отырған жағдайда да, гүлдің суын 2-3 күнде толығымен жаңартқан жөн.
Үзіп алған гүлді күн астында, жел өтінде қалдыруға болмайды. Оны салқын, қараңғылау бөлмеде ұстайды. Өсімдіктің суы азырақ булануы үшін оның ірі жапырақтарына су сеуіп тұру керек. Ал фрезия, нарцисс, раушан, қалампыр гүлдерінің гүлі мен жапырағының жиі ылғал боп тұрғаны абзал.
Піскен жемістер тұрған жерге гүл салынған ваза қоюға болмайды. Өйткені жемістен бөлінетін этилен гүлге кері әсер етеді.
Солып бара жатқан гүлді тірілтудің де өз әдісі бар. Оны қағазға орап, су құйылған шелекке салады да, салқын, қараңғылау жерге қояды. Хризантема, нарғызгүл, сондай-ақ, көкнәр гүлін тірілту үшін оның сабағын тағы бір қысқарта кесіп, бірнеше секунд ыстық (60-95°) суда, су буы гүлге тимейтіндей етіп ұстау керек. Сосын гүлді қағазға тығыздап орап, суға (20°) салып қояды.
Үзіп алынған гүлді ұзағырақ сақтау үшін суға қоректік заттар қосуға да болады. 2-5 пайыз қант қоспасын пайдалану жақсы нәтиже береді. Мұндай қоспада раушан, қызғалдақ, қалампыр, сирень, хош иісті бұршақ гүл фрезия гүлдері жақсы сақталады. Ал цикламен, амариллис, кестежусан, клематис (ломонос) гүлдерін мұндай қоспада ұстауға болмайды. Бактерия дамудың алдын алу үшін бактерицидті заттар: марганец қышқылды калий (бірнеше түйіршек), аспирин (1 литр суға 1 таблетка), лимон қышқылы (1 литр суға 2-3 грамм), спирт (1 литр суға 10 мл., клематис гүлі үшін) қосуға да болады. Әртүрлі гүлдерді бір вазада ұстауға болмайды. Кесілген кезде кейбір гүлдерден бөлінетін заттар екіншісіне зиянды әсер етеді. Раушан гүлі өзімен бір вазадағы басқа гүлдерді тез солдырады, тіпті қызыл қоңыр және сарғыш түсті раушан гүлдерін бір вазаға қойса, соңғысы бірден сола бастайды. Лала, қалампыр, нарциссті бөгде гүлдермен бірге сақтауға болмайды. Хош иісті горошек, резеда, сары примудалар басқа гүлдердің солуын тездетеді. Қызғалдақ пен ботагөз гүлдеріне ландыш қосса, бірден солады, сары примудалар – басқа түсті примудаларға, лала – маргариткалар мен көкнәрға әсер етеді.
Бір ыдысқа салғанда бір-бірінің сақталу мерзімін ұзарта түсетін гүлдер де бар. Кипаристің сабақтарын қызғалдақпен бір ыдысқа салсаңыз, кейінгісі ұзақ сақталады әрі түсін жоғалтпайды.
Шаңырақ үй-тұрмыс энциклопедиясы негізінде
Сурет: vk.com
Форумда талқылау