Голливудтық бэби-бум 2014

Брюс Уиллис пен Сиарадан үлгі алып, осы жылы ата-ана болуға біраз жұлдызды жұп дайындалып жүр. 2014 жылы Скарлетт Йоханссон, Мила Кунис, Оливия Уайлд, Келли Кларксон… Және қауесеттерге сенсек, тіпті Джонни Депп те ата-ана болу бақытын сезініп көрмекші.

1. Джонни Депп пен Эмбер Херд


Сәуір айының басында «Джонни Депптің 27 жасар қалыңдығы жүкті» деген жұртты дүрліктірген ғаламторда ақпарат пайда болды. Бұл жайлы Эмбер Хердтің бұрынғы жігіті актер Марк Выстрач мәлімдеді. Американдық журналдардың біріне ол: «Үш апта бұрын көріскенде жүкті екенін айтқан. Эмбер екеуміз біраз жыл бұрын айырылысып кеткенбіз, алайда бұрынғыдай жақсы доспыз» деп сұхбат берген.

Ғашықтар бұл мәліметті еш растамайды және жазда болатын тойларына қызу дайындалуда. Қалай болғанда да, актер ток-шоулардың бірінде: «Менің қызым мен ұлым бар – 14 жасар Роуз бен 11 жасар Джек, бірақ тағы жүз балам болса да бас тартпас едім» деген болатын.

2. Келли Кларксон мен Брэндон Блэксток


Үйлену тойынан кейін бір ай өтпей жатып, 2013 жылдың аяғында Келли әлемге қуанышты хабарын жеткізді: «Мен жүктімін! Брэндон екеуміз сондай бақыттымыз! Ерте болса да, Рождествоға керемет сыйлық болды».

Осы жылы 32 жасар әнші ана атанбақ және жолдасына қыз сыйлауды жоспарлауда. Сәбидің қыз болатынын әнші дәрігерлер растамай тұрып-ақ сезген екен. Ал дәрігерлер растаған сәтте: «Біз жаңа ғана сәбиіміздің қыз болатынын білдік. Мен оны бұрыннан сезгенмін! Таңертеңгілік лоқсу тек қызды күткенде болады» деп жазған.

3. Робби Уильямс пен Айда Филд

Танымал поп-әнші үлгілі отағасы болуды нақты шешкен сыңайлы: әйелінің жүкті екенін твиттерде мәлімдеген әнші болашақ әке болудың бақытты сәттерін басынан кешіруде. Естеріңізге сала кетейік, жұп 2010 жылы үйленіп, Теодора есімді тұңғыш сәбилерін тәрбиелеуде. Түрлі сұхбаттарда Робби отбасылық өмір оған жағып жүргенін және оны тек шыңдайтынын жеткізуде. Сондықтан танымал сотқар әншімен қоштасып, үлгілі әке және отағасы – жаңа Робби Уильямсқа көзімізді үйрете берейік.

4. Скарлетт Йоханссон және Роман Дориак


Бұл жұптың танысып, біліскеніне екі жыл болды, ал 2014 жылдың жазында актриса жолдасына тұңғыш баласын сыйламақшы. Өмірлеріндегі осы маңызды оқиғадан кейін жұп үйлену тойын атап өтуді жоспарлауда. Бірақ, бақытты актриса мен журналист қазір оған аса алаңдамайтын сыңайлы – олар көбірек бірге болып, отбасының толығуын ыждаһаттылықпен күтуде.

5. Мила Кунис пен Эштон Катчер

Бұл голливудтық жұп қарым-қатынастарын ұзақ уақыт жасырып келді және Миланың аяғы ауыр екенін де соңына дейін жасырды... Алайда жүктілікті жасыру оңай емес. Бәрі айқындала бастағанда Мила Кунис қоғамға өзінің ана болатынын жария етуді жөн көрді. Танымал Эллен ДеДженерестің шоуына қонақ болып келген Мила жүктілігінің қалай өрбіп жатқанын ашық айтып, Эштон Катчердің де сезімдерімен бөлісті.

Бақытты актриса Эштонның қамқорлығы жайлы ризашылықпен әңгімелеп берді: актер үйлеріндегі тоңазытқышты жүкті әйелдерге пайдалы жемістер және көкөністермен толтырып қойған екен. Сонымен қатар болашақ бақытты әке ащы қияр мен балықтарды да ұмытпапты. Соның арқасында болашақ ана қалаған тағамын тоңазытқыштан таба алатынын қуанышпен мәлімдеді. Мила барынша табиғи жолмен босануды және ешқандай медикаменттердің көмегіне жүгінбеуді жоспарлайтынын да жасырмады. Сәбидің жынысын жұп әлі жасырып келеді, бірақ атын кім деп қоятындарын шешіп қойған екен. Сәби екеуі үшін де тұңғыш болғанымен, Эштонның Деми Мурдың қыздарын тәрбиелеуде біраз тәжірибесі бар.

Сурет: vev.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина