Кездесіп жүрген не шаңырақ көтерген жұпты көпшілігі бір-біріне ұқсатып жатады. Мінездері, қылықтары, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері ұқсауы уақыт өте келе бір-бірін қайталаудан, сүйіспеншіліктен туатын әдет екені түсінікті. Ал бүгінгі әңгіме сырт келбеттері ұқсайтын ғашықтар жөнінде өрбімек.
«Бір-бірінен айнымайды екен», «келіншегіңнің түрі анаңа ұқсайды», «келін енесінің топырағынан деген осы», «жігітің екеуің ұқсайды екенсіңдер» деген сөздер кім-кімге де жағымды естіледі. Осы сөздерді барлық адам қайта-қайта айта беруін қалайтын жандар да бар. Оның үстіне, бір-біріне ұқсас жұп бақытты болады деп жатады.
Ғашық жандардың түрі не себепті бір-біріне ұқсас келеді? Бұл ғылыми тұрғыда зерттеліп, жауабы табылмаған сұрақ. Дегенмен, біз өз түйсігімізді іске қосып, жауабын тауып көрейік.
Әкесіне ұқсайтын жігіт қыз назарына бірінші ілігеді. Көп ішінен әкесіне ұқсайтын жігітке бірден көзі түседі. Жігітте де сол жай, анасына ұқсайтын қызға бірден аңсары ауады. Осылай бір-бірін тапқан жұп түрлері жағынан ұқсас келеді.
Ал кей жұп алғаш араласа бастағанда бір-біріне ұқсайтындығын аңғармайды. Өзгелердің пікірінен соң бір-біріне қарап ойлана бастағанда шындығында кей жерлері ұқсайтынына көзі жетеді.
Ғашықтардың кейбірі өз келбетін сүйіктісінен көргісі келеді. Өзі жақсы көретін, тура өзінікіне ұқсайтын көз, өзіне ұнайтын ерін өзгеде, қарама-қарсысында отырған адамда болғанын көру – өте жағымды сезім.
Ал сіз өз жұбыңыздан ұқсастық байқайсыз ба?