- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Гаджеттердің бала көзіне...
Гаджеттердің бала көзіне зиянды әсерін азайту үшін...
Қазір гаджеттерсіз әлемді елестету қиын. Ата-ана қанша қаламаса да, бала бір күні оларды қолданатыны сөзсіз. Баланы гаджеттерден мүлдем шектеу де оларға қандай да бір зиянын тигізуі мүмкін екенін ескеру керек. Сондықтан ата-ана міндетінің бірі – гаджеттердің бала көзіне зияны тимеуін қадағалау. Бала көзіне гаджеттердің зиянды әсерін азайту үшін бірнеше ережені сақтау керек.
1. Кез келген гаджетті көзден 30-40 см қашықта ұстау. Адам көзі осы қашықтықта көру жүйесіне аса күш түсірмей әріптер мен суреттерді көре алады. Егер гаджетті одан жақын ұстасаңыз, көру өзегі мұрынға қарай қозғалады. Сол үшін көзге түсетін күш артады.
2. Гаджеттерді жақсы жарықтандырылған жерде ғана қолдану. Қараңғы бөлмеде жанып тұрған экраннан видео қарау немесе бірдеңе оқу бала түгіл ересек адамға да зиян. Бұл кезде экранның көк жарығы күшейе түседі, ал көз бұлшықеттері жарық экран мен қара фон арасындағы жоғары айырмашылықтың себебінен жылдамырақ шаршайды.
3. Экран үлкен болуы керек. Экран кіші болған сайын бала көруге көбірек күш салады. Сондықтан компьютер ноутбуктан, ноутбук планшеттен, ал планшет смартфоннан жақсы.
4. Гаджет экранына үздіксіз қарау уақытын шектеу. Мысалы, 4-5 жас аралығындағы балаларға экранға 15-40 минут, 13-16 жастағы балаларға 40-60 минут қарау ұсынылады. Бала кішкентай болған сайын оның гаджет алдында аз уақыт отыруын қадағалау керек. Сондай-ақ міндетті түрде үзілістер болуы қажет.
5. Гаджет үстел үстінде қоғалмай тұруы керек. Гаджеттің бала көзінің деңгейінде тұрғаны жөн. Егер ол сәл төмен тұрса, баланың басы төмен салбырап, тек көзіне емес, сондай-ақ омыртқасына да зиян болады.
6. Жүріп бара жатқан көлікте гаджеттен видео қарауға немесе кітап оқуға болмайды. Ол бесік арба, автомобиль немесе автобус болуы мүмкін. Себебі бұл кезде гаджет пен көз арасында бірдей қашықтықты сақтау мүмкін емес, ол үнемі өзгеріп тұрады. Сәйкесінше, көз үнемі өздігінен ретке келіп отырады, ал ол көз бұлшықеттерінің тез шаршауына және әлсіреуіне алып келеді.
А. Жапатова