Күндердің бірінде жаңадан үйленген ерлі-зайыпты: «Бүгін үйге кім келсе де есік ашпаймыз!» деп бәстесіпті. Аз уақыт өткен соң есік қоңырауы басылыпты. Олар есіктің саңылауынан қараса жігіттің әке-шешесі екен. Алайда, олар есікті ашпапты. Қариялар күте-күте амалсыз үйлеріне қайтыпты.
Түс ауа есік қоңырауы тағы шырылдап қоя беріпті. Ерлі-зайыпты екеуі саңылаудан қараса әйелінің әке-шешесі екен. Олар өзара: «Айтқан сөзімізден қайтпаймыз!» десіпті. Бірақ, дәл осы сәтте әйелі еңіреп қоя беріпті. Бұған дәті шыдамаған күйеуі ақыры есік ашыпты.
Арада көп жыл өтіпті. Олар төрт ұлдың, бір қыздың әкесі болыпты. Қызы дүниеге келген сәтте қатты қуанған әкесі барлық туыс-туған, дос-жаранды шақырып ұлан-асыр той жасапты. Бұл істің байыбына бара алмаған жолдастары одан: «Сен 4 ұлың дүниеге келгенде мұндай қуанбаған едің, ал қызың дүниеге келгенде неге мұнша қуандың?» деп сұрапты.
Сонда балалардың әкесі баяғыда болған оқиғаны әңгімелеп беріп: «Жаратқан иеміз ақыры бізге есік ашып беретін бір перзентті берген екен, бұған неге қуанбасқа?!» деп мәз болған екен.
Аударған: С.Рабатұлы