Ескі киімдерімді қайтемін?

Қыздарды мазалайтын басты сұрақтардың бірі: "Не киемін?". Бір қызығы, киім көп болған сайын, бұл сұрақ жиірек туындай бастайды. Мәселені шешу үшін киім сөресін жинастырып, артық, киілмейтін, қажет емес киім-кешектен арылыңыз.

"Арылыңыз" деген сөзден шошып қалдыңыз ба? Жоқ, біз сіздерге киімді қоқысқа тастаңыз деп айтпаймыз. Қажетсіз болып қалған киім-кешекті пайдалы жолда арылудың тәсілдерін бірге іздеп көрейік.

Ауылға беріп жіберу

Қалада тұрғындары жиі жағдайда "Ауылға беріп жіберемін, сонда келін, cіңлім киеді", – деп мәселені шешеді. Әрине ауылда киімдеріңіз кәдеге жарап қалар, бірақ жиі жағдайда олар пештен бірақ шығады. Сондықтан киімді дорбалап жібергенді қойып, ауылдағы туыстарға шақ келетін, жарасатын, көңілдерінен шығатын таза, бүтін, ауылдағы өмір тәртібі мен ауа-райына сай киім ғана жіберген дұрыс.

Құрбылармен ауысыңыз

Құрбылармен киімдерді ауыстыру сөрелердегі бар артық орынды алатын киіммен қош айтысудың ең оңай жолы. Құрбыларды өкпелетпеу үшін сараңдық білдірмей, киілмейтін, бірақ жақсы, сапалы, таза, өте ескі емес киімдерді ұсыныңыз. Қыздармен үйдегі кешкі отырыс ұйымдастырып, оларға кимейтін киім, сөмке, аксессуар мен әшекей бұйымдарын алып келуін сұраңыз. Асығыста алынып киілмей қалған киімдер сіздің гардеробыңызда өз орнын таппаса, басқа біреудің сүйікті затына айнала алады.

Интернет

Егер үйдегі киімнен тез арада арылу керек болса (мысалы үй жөндеу жұмыстары не көшуге байланысты), тегін жарнама беруге болатын интернет сайттарына жүгініңіз. Заттарыңызға толыққанды сипаттама (өлшемі, мата құрамы) жазып, сапалы жасалған суреттер қосып, ойға қонымды баға беріңіз. Бұл мақсатта әлеуметтік желілердегі өзіңіздің парақшаларыңызды да қолдануға болады. 

Қайырымдылық

Қажет емес заттарды мұқтаж жандарға беру ойы бірінші кезек пайда болады. Бірақ мысалға, қаладағы жетімдер үйлері киілген ескі киімді қабылдамайды. Ескі киімді балалар үйіне де, қарттар үйіне де қабылдамайтын болар – бұл мекемелердің қаржыландыруы жаңа киім алуға жетерлік. Бірақ бұл тек үлкен қалалардағы мекемелерге қатысты. Ауылды жерлерде орналасқан қайырымдылық мекемелері киім, төсек орын мен техниканы қуана алар еді. Сонымен қатар, қаладағы мешіттер, шіркеулер, қайырымдылық қорлары ескі киімді қабылдап, мұқтаж адамдарға таратуды мойынына алған.

Handmade


Қазір өз қолыңыздан жасалған киім және аксессуарлар ең сәнді болып саналады. Бұл мақсатта ескі киілмейтін киімді қолдануға әбден болады. Киімдерді басқа түске бояп, олардан кесіп басқа киім тігіп, басқалай пішіп, сәнін өзгертіп көріңіз. Ескі киімде жаттығып, уақыт өте өзіңізге қайталанбас, эксклюзивті заттар тігіп үйренесіз.

Киілмей қалған киімді түрлі жәрмеңкелерге апарып сатуға, дүкендерге өткізуге, тіпті таныс емес адамдарға сыйға беруге болады (интернетте осыған арналған арнайы сайттар мен форумдар бар). Жыртық, ескі, өңі, түсі кеткен киімдерді лақтырудан аямай, киілмей қалған бүтін, сапалы, сәнді киімді сөрелерде жатқызбай, оларға екінші өмір сыйлаңыз.

Ал қажетсіз киімнен арылатын жолды ендігіде іздемеу үшін шопинг кезінде мұқият болып, қажетсіз киімдер сатып алмаңыз. 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: fashion-lakbi.livejournal.com, liveinternet.ru