Берекелі отбасында келіспеушілік мүлде шықпайды деп айтсақ, онымыз өтірік болар еді. Адамдардың бірлесіп тіршілік қылып жатқан жерінде ұрыс-керістің орын алып тұруы, бәлкім, заңдылық шығар. Алайда, іргетасы әуелден түзу қаланған отбасының мұндай жағдайларды қалпына келтіріп, реттеп отыратын белгілі бір құралдары болады. Осы құралдарды пайдалану себепті шаңырақ әуелгі арнаға қайта түседі.
Жарайды, бірақ олар қандай құралдар? Мінеки, мына бір жайттарды атап өтсек дейміз:
Отбасы мүшелері бір-біріне түймедейді түйедей қылып көрсететін істерден аулақ болуы керек. Үнемі екінші біреудің жаман жақтарын көріп, жақсы жақтарын елемейтін адам көп қателеседі. Негізі келіспеушіліктен қорқудың қажеті шамалы. Ең жаман дүние – бұрыс қарым-қатынас. Болмашы нәрсе үшін кейде түсініспеушіліктер туындап жатады. Бұл жерде бәрінен бұрын түсініспеушіліктің тууына басты себеп не, соны анықтап алған жөн.
Туындаған нәрсеге өткен-кеткенді араластырмай, сол қалпында қарастырған дұрыс. Осылайша ерлі-зайыптылардың арасындағы келіспеушілік, түсініспестік оңай шешімін табады. Ескі жайттарды қайта қозғап, шаңын қағып, оны ортақ әңгіменің өзегі ету жағдайды одан сайын ушықтырмаса, жақсылық әкелмейтіні белгілі.
Ерлі-зайыптылар қай кез болмасын, бір-бірін жақсылыққа шақырып, насихат айтып отыруға дағдыланса, бұл көп адамға берілмеген жақсы қасиеттерден деп білген жөн.
Орын алған келіспеушіліктің негізгі себептерін білмей жатып, тұжырым жасаған дұрыс емес. Екі жақты тартысқа түрткі болған жайтты анықтаған соң, оның шешімін бірге қарастырып, бір-бірін тыңдай білген отбасы қандай да бір түсініспеушіліктерді қиындатпай, дер кезінде шешімін тауып отырады.
Қандай жағдай болса да, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген ішкі сезімдері сол күйінде өзгеріссіз қалғаны бек дұрыс. Ері ашуланған сәтте әйел кісі сабыр сақтай білсе, немесе әйел ашуланған сәтте ер адам өз-өзін ұстай білсе, мұндай келіспеушіліктің соңы татулықпен аяқталары сөзсіз. Шектен шыққан қатаңдық, алға қойған мақсаттарды құрдымға жіберетінін ұмытпауымыз қажет.
Бір-бірін мұқият тыңдай білу де отбасындағы берекені сақтауға көп септігін тигізеді. Мұқият тыңдау арқылы екінші жақтың ойын, пікірін, шешімі қиын жағдайды қалай түсініп тұр, соның бәрін ұғып-біліп, ақылды шешімге келуге зор септігін тигізеді.
Ол қандай мәселе болмасын, жеңіп шығу мақсат емес. Мақсат – орын алған түсініспеушіліктің одан ары асқынуына жол бермеу. Жұбайын сөбзен жеңіп, жылатып қойған еркек өзінің жан дүниесіне бір қарап, назар салып қойғаны дұрыс шығар…
Қандай жағдай болса да, адамдар бір-бірін кінәлап, айыптағанша, сол мәселені ғана талқыға салулары керек. Осылайша артық сөз бен істен аулақ болады. Орын алған жайтты іліп алып, бірін-бірі мұқатып, мазақтап отырса, онда жағдай түзелмек емес.
Қарым-қатынастың нашарлап, үзілуін қаламасаңыз, жалпы тартысудан аулақ болған дұрыс-ақ. Десе де тартысу адамның жаратылысынан нәсіп болған. Соған қарамастан, саналы адам баласы әр ісін ақыл таразысына салып отырғаны ләзім. Дұрысы, қандай мәселе үстіндегі тартысу болмасын, екі жақ та ұтылмай, әрі бұдан сабақ алып жатса қандай жақсы. Тартысты реттеу ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген ниеті мен сенім артуы арқылы жүзеге асады. Осы екі шартқа берік болмақ керек.
Ғалым кісілер айтпақшы, тікені жоқ раушан гүлін іздеген адам оны таба алмайды. Раушанды ұнатса, оның тікеніне де шыдас беруі керек.
Отбасындағы ер мен әйелдің ең үлкен қателігі – тұлғалық қадір-қасиетті аяқ асты ету, намысты таптау. Өзі мініп отырған бұтақты балталағанмен бірдей бұл. Себебі ең мықты қарым-қатынас тұлғалық қасиеттері мықтап орныққан отбасында орнайды.
«Әйтеуір үйлендік қой, ары қарай не болса да көрерміз» деген түсініктен алыс болған дұрыс. Бұл түсінік күндердің күні болғанда әлі-ақ көп зиянын тигізбей қоймайды. Осы қате түсінік санаға әбден сіңіп кетсе, махаббат, сүйіспеншілік, қамқорлық қара тасқа айналады. Осындай қателіктен соң шаңырақтан береке қашып, ауызбірлік кетеді, бақыт бұлбұл ұшады.
Тіл табысуға келмейтін әйел болмайды. Оның жанын түсініп, дұрыс басқарудың көзін тауып, тетігін дұрыс баса білетін ер азамат керек. Тиісінше әйел кісі де ер адамның жанын ұғып, сыйластық танытып, құрмет көрсетіп отырмаса болмайды. Ең бастысы шаңырақтың шайқалуына жол берілмесе, балалар тірі жетім қалмаса, дүниенің рахаты да сол емес пе?!
Дереккөз: namys.kz