Флорариум немесе террариум дегенді естіп пе едіңіз? Олар үйге көрік беретін безендердің бірі. Террариум мен флорариум – шыныдан не тығыз пластиктен жасалған ыдыс. Бұл ыдысқа түрлі гүлдер отырғызылады. Төбесі, беті көбіне жабық болады. Әдетте бұл шыны ыдыстар, гүл отырғызылған аквариумдарға ұқсайды. Сонымен, үйді флорариуммен безендірмес бұрын, оның ерекшеліктерімен танысып алайық. Жоғарыда айтып кеткендей, бұл ыдыс тығыз пластик пен шыныдан жасалады. Ыдыс орналастырылған бөлме ылғалды немесе орташа температурада болу қажет. Ыстық бөлмеге мүлде қоюға болмайды.
Міне, осындай композицияны бөлмеге қойсаңыз, интерьер көрінісі мүлде бөлек болар еді. Мамандар көбіне, флорариумды шағын үйлерге орналастыруға кеңес береді. Бау-бақша күтіп, гүлдерді ұнататын үй иелері үшін өте қолайлы. Көп орын алмайды: терезенің жақтауында, үстел үстінде тұрады, үйге хош иіс беріп, қызылды-жасылды түстермен бөлмеге реңк береді.
«Шыны ішіндегі бақша» ауа өткізбейтін құмырада түрлі жылуды сүйетін өсімдіктерді отырғызып, жылыжайдағыдай күтім жасауға болады. Тек өсімдіктерге ғана емес, шыны ыдысының іші-сыртын жуып, тазалап тұру керек. Желдетіп, өсімдік өсіруге қолайлы жағдай жасау қажет. Биолог мамандардың айтуынша, бұл ыдыста орхидея сынды гүлдер жақсы өседі.
Өз қолыңызбен шағын флорариум жасап алғыңыз келе ме?
Бөлмеге отырғызылған гүлден гөрі, флорариум болса, әдемі әрі, гүлге жаңаша кейіп кіретіндей. Ең әуелі ыдыстың түбіне, ұсақ тастар, ағаштың күлі және топырақ себіледі. Егер бөтелке таңдасаңыз, қақпағынан бастап, топырақ, әдемі тастар себіледі. Ал гүл не өсімдік ілмектің көмегімен отырғызылады. Ол үшін сізге: тірі мүк (мох), құрғақ мүк, түрлі тастар және кішкентай қысқыш қажет.
Бірінші, әдейі гүлге арналған топыраққа су сіңу үшін, бірнеше сағат жібітеміз. Кейін, ыдысқа барлығын нығыздап толтырамыз. Ілмекпен мүкті топырақ үстіне орналастырамыз. Ыдысты күн сәулесі аз түсетін жерге қойып, мүкті 3-4 апта сайын ауыстырып, бүрікпе арқылы су сеуіп, тазартып тұру қажет.
Бүршік атып, гүл жарып тұрған гүлді таңдамаған жөн. Кейін гүл бір аптаға ғана шыдап, солып қалады. Гүлді жиі тазарту үшін, ыдыстың бетін ашуға болмайды. Ыдыстың аузы қолыңыз сиятындай кең болу керек. Әр гүлдің өзіндік ерекшелігі мен арнайы күтімі болатынын ескерген жөн. Расымен, егер сіз гүлді алып, үстіне топырақ сеуіп отырғызып қойсаңыз, гүл бір күнге де шыдамайды. Сондықтан ең бастысы, кеңістік. Әр гүлге арналған кең ыдыс таңдап, беті ашық ыдыс таңдаған дұрыс. Жоғарыда көрсеткендей өсімдіктерге керек қорекпен, минералды заттармен қопарып, кейін отырғызған дұрыс. Егер гүл ыдыстан шығып, үлкейіп жатса, шетін қиып, бір пішімге келтіру керек. Ал ыдыстың тар екенін байқасаңыз, келесі ыдысқа отырғызу қажет.
Кейбір өнертапқыштардың үйінде электр шамынан жасалған флорариумдар да бар екен.
Флолрариум тек гүлдерді, өсімдіктерді ғана отырғызатын ыдыс емес. Сонымен қатар түрлі суреттер, мүсіндерді қолдан жасап, оны гүлдердің жапырақтарымен сәндеуге де болады. Отырғызылған гүлдің үстіне бір қабат қосып, түрлі гүлдерге ұқсас суреттер мен иллюстарциялар жасауға да болады.
Террариумдер мен флорариумдер көбіне орын талғамайды. Оны көпшілік келетін қонақ бөлмесіне де, жатын бөлмеге де, балалар бөлмесіне, тіпті ас үйге де көрік берері сөзсіз.