Тоқуға арналған Kniterate сандық құрылғысы – тоқыма өнеріндегі 3D-принтердің баламасы. Жемпірлер мен қалың шарфтарды автоматты түрде тоқуға арналған құрылғы, шын мәнісінде, жаңалық емес. Бірақ бұрын-соңды ол тек үлкен өндіріс орындарында ғана қолданылатын. Ал Kniterate – сол фабрикада пайдаланылатын құрылғының қарапайым тұрмыста қолдануға арналған түрі.
Бұл идея Джерард Рубионың ойына дизайн мектебіне сабаққа барып жүрген кезінде пайда болған екен. Сабақ кезінде жас дизайнерлерге 80-жылдардан қалған алапат машиналарды пайдалану аса қолайсыз болған көрінеді. Сол кезде ол үй жағдайында да жұмыс жасауға мүмкіндік беретін аппарат жасауды қолға алады.
Kniterate аппаратымен жұмыс жасау үшін бір ғана қосымшаны игерсеңіз жетіп жатыр. Қолданушы құрылғы бағдарламасынан қажет эскизді таңдаса болғаны. Қалған жұмыс аппараттың еншісінде. Қосымшада эскиздердің түр-түрі бар: фотосуреттер, түрлі қаріпті жазбалар, принттер және т.б. Құрылғы кез келген қалыңдықтағы жіппен жұмыс істеуге қауқарлы. Бірақ оның бір ғана кемшілігі бар, ол – бар болғаны алты түрлі түстегі жіптерді ғана игеруі. Бір көйлекті тоқып шығару үшін Kniterate құрылғысына орта есеппен 5 сағат уақыт кетеді.