Қазіргі қоғамдағы мәселенің бірі – оқыған-тоқыған, жұмысы бар қыздардың теңін таппай отырғаны. Кейбір деректерге қарағанда, еліміздегі 18 бен 35 жас аралығындағы 700 мың тұрмысқа шықпаған қызға 300 мың бойдақ келеді екен. Осы орайда Астана арнасы мұның себебін білу үшін бірнеше қызды әңгімеге тартты.
Динара. Жасы 32-де. Өзін «кәрі қыздар» санатына қосудан аулақ. Керісінше, өзін «тартымды» қалындықпын деп санайды. Жеке кәсібі бар. Соның жемісін көріп, «не кием, не ішем дегенге» басы қатып уайымдамайды.
"Мен жаспын, әдемімін. Жоғары білімім, тұрақты жұмысым бар. Ата-анама масыл емеспін. Тіршілік етіп, өз-өзімді қамтып отырмын. Ауқатты демеуші не болмаса ақшалы жігітім де жоқ. Өміріме ризамын. Осы күнге дейін тұрмыс құрмауымның себебі – өзіме сай адамды кездестірмедім. Шыны керек, қазіргі жігіттердің көбі «бала» сияқты. Жауапкершіліктен жұрдай. Ыңғайы келсе бәрін әйелдің мойнына жүктеп қойғысы келеді. Ондай жігіттің қажеті қанша?!
Қазақтың мақалымен айтатын болсақ, «отырған қыз орнын табады». Ол жағына мен қам жемеймін. Ата-анам маған ол туралы ештеңе айтпайды. Олар менің нені қалайтынымды біледі, қандай ер адамды. Сондықтан менің өмірімді түрткілемейді", - дейді Динара.
Ләззат Сейілханды оралдықтар жақсы біледі. Туған күн, құдалық, үйлену тойы, сүндет той мен мерейтойлар оның "Жұлдыз-шоу" тобынсыз өтпейді. Қазақтың тойы бітсін бе, бойжеткен әр күн дерлік той-томалаққа барады. Есептеп көрсек, бір тойда кемінде 200 адам болса, Ләззат аптасына 2000 адаммен бет көріседі екен. Бірақ осынша жұрттың ішінен өзінің бағын ашып, өмірлік серігі болатын нар жігітті таба алмай жүр. Жасы 31-ге келсе де, тұрмыс құруға асықпайды. Айтуынша, бұған ер азаматтардың өздері кінәлі.
"Көп жігіт сөз салғанда қайда жұмыс істейсің? Айлығың қанша? Көлігің бар ма? Үйің ба ма? Соған қарағанда мен ойлаймын, жағдайы бар қыздарды ұнататын сияқты қазіргі жігіттер", - дейді Ләззат Сейілхан.
Дайын асқа тік қасық, демекші Ләззат «күшік күйеу» атануға әзір тұрған талай жігітті көзі көрген. Айтуынша, бұл ер азаматқа жараспайтын қылық. Бір сөзбен айтсақ, намыссыздық. Еркектің басты қаруы – еңбекқорлығы.
Сондықтан болашақ жарым жұмыстан қорықпайтын, ісі мен сөзіне берік, жауапкершілігі мол адам болса, деп армандайды.
Дереккөз: Nur.kz