Тұтығу - еркін сөйлеу ырғағының бұзылуы. Ол жиі бала сөйлеп бастаған кезде, яғни 2-3 жаста пайда болады. Бала не үшін тұтығады және оны қалай емдеуге болады? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтарды вокал жетекшісі, ұстаз Байлина Ақнұрға қойды.
Мамандар оның пайда болуының негізгі үш себебіне мыналарды жатқызады:
- Күйзелістік жағдай;
- Генетикалық фактор;
- Бала сөйлеуге қарағанда жылдам ойлайды.
Тұтығу неврологиялық бұзылыс. Бұл жағдайда міндетті түрде невропотолог маманның көмегіне жүгіну қажет. Тұқтығуды кешенді емдеу керек. Яғни, тұтығатын баламен невропотолог және логопед мамандары бірге жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ, тұтығатын баланы ән сабағына беру пайдалы.
Вокал жетекшісі Байлина Ақнұр тұтығатын баланың тыныс алуымен жұмыс істеу керегін айтты.
Баланың тұтығуын емдемес бұрын оның пайда болу себебін анықтау керек. Ол туа біткен, қорқыныштан немесе жүре пайда болған болуы мүмкін. Мысалы, балабақшаға баратын бала тұтығатын баланы қайталап, тұтығып кетуі мүмкін. Тұтығу дұрыс тыныс алмаудан пайда болады. Оны көбіне логопедтер массаж жасау арқылы емдейді. Мен өзім вокалдан ұстазбын, бірақ қосымша логопед-дефектолог мамандығын оқып алғанмын. Тәжірибемде ән сабағына келіп, баланың тұтығуы кеткен жағдайлар болды. Бала тұтықпас үшін ол дұрыс тыныс алуды үйренуі керек. Мысалы, тұтығатын 5 жастағы оқушы қызым болды. Оған алдымен мұрынмен тыныс алуды үйреттік. Байқасаңыздар, көп бала ауызбен тыныс алады. Бала мұрынмен тыныс алып, ауызбен демді шығару керек. Демді диафрагмаға алу керек. Көп бала демді кеудеге алмайды, кеуделерін көтереді. Ең алдымен, бала дұрыс тыныс алу керек, - деді Байлина Ақнұр.
Маман баланың тұтығуын емдеу кешенді жұмысты талап ететінін ескертті.
Балалар асығып өз ойын тез жеткізу үшін жылдам сөйлеуге тырысады. Екіншіден, асықпай буындап сөйлеу керек. Әр әнді буын-буынға бөліп үйретеміз. Тұтығатын баланың айналасындағы адамдар да асықпай сөйлесуі керек. Ата-ана баланың режим сақтауын қадағалауы керек. Бала күйзелістік жағдайға түспеуі керек. Тамақтануына да аса мән беру керек. Массаж арқылы оның бұлшықеттерін босату керек. Яғни, айтқым келетіні - баланың тұтығуын тек ән сабағына беріп емдеу мүмкін емес. Бұл кешенді жұмысты талап етеді, - деді вокал жетекшісі.
Сондай-ақ, кейде бала енді сөйлеп бастаған кезде тұтығатын біреуге еліктеп, тұтығып кетуі мүмкін.
Мен вокалдан енді сабақ беріп бастаған кезде бір оқушы қызым болды. Ол өзі көп сөйлемейтін. Сондықтан да мен оның тұтығатынын білмедім. Әнді өте жақсы айтады. Біркүні бірдеңе сұрасам, дұрыс жауап бере алмады. Сол кезде тұтығатынын байқадым. Содан оның анасы да, әпкесі де тұтығатынын білдім. Әрине, тұтығу генетикалық жолмен беріледі. Бірақ бұл қыздікі туа біткен емес, жүре пайда болған. Яғни, кей жағдайларда еліктеу арқылы да пайда болады. Ән сабағына қатысқаннан кейін оның тұтығуы толықтай кетті. Ол кезде менің логопед білімім жоқ, оның тұтығуы ән сабағында дұрыс тыныс алу жаттығуларын жасаудың арқасында кетті. Мұндай жағдайлар болады.
Бірақ көп жағдайда тек ән сабағымен тұтығуды кетіру оңай емес. Сабаққа бөлінетін уақыт аз. Сондықтан тұтығатын баламен дәрігерлер, логопед және үйде ата-ана жұмыс істеуі керек, - деп қорытындылады Ақнұр Байлина.