Электр энергиясын үнемдеу туралы аз айтылып жүрген жоқ. Дегенмен кейбіреулер оған мән бермейді. Себебі "ақшасын төлесек болды емес пе?" деп ойлайды.
Алайда электр энергиясын үнемдеу қоршаған ортаның ластануын азайтады. Біздің елімізде электр энергиясы жылу электр және су электр станциялары арқылы өндіріледі. Жылу электр станциясы жұмыс істеу үшін отын жағылады. Ол ауаны ластайды. Біз ол ауамен тыныс аламыз.
Өкінішке орай, біздің елімізде экологиялық білім кенже қалып келеді. Үкімет көптеген іс-шара жүргізсе де, адамдар электр энергиясын үнемдеуге әдеттенбей келеді.
Үйде компьютер, теледидар, т.б. құралдарды қажетті кезінде ғана қосып отырыңыз. Компьютермен жұмыс істеп отырып, 20-30 минутқа үзіліс жасасаңыз, оны «ұйқы» режимінде қалдырыңыз. Сондай-ақ теледидарды күні бойы қосып, тастап кететін жайттарды күнделікті көріп жүрміз. Электр пештері орнатылған үйлерде тұратындардың тарифі газ пештері барларға қарағанда азырақ. Сонда да пешті қажет кезде ғана қосып, ажыратып отырғаныңыз абзал. Тамақ пісіретін ыдыстардың түбінің плитамен бірдей болғаны да үнемдеуге көмектеседі. Суды электр шәйнегіне тек өзіңізге қажетті мөлшерде құйып, қайнатыңыз.
Киім үтіктегенде уақытымен қосыңыз. Егер үтіктің табаны бүлінсе, тұзбен тазалап алыңыз. Ол үшін матаға 300 грамм тұз төгіп, үтікті қыздырып, тұздың үстінен тазарғанша жүргізесіз.
Қыста балконда немесе басқа салқын бөлмеде тамақ сақтайтын мүмкіндік болса, тоңазытқышты не мұздатқышты ажыратып қойғаныңыз дұрыс. Апа-әжелеріміздің әдісімен етті сүрлеуге үйреніңіз. Әрі дәмді, әрі үнемді болады.
Жалпы кез келген электр құралдарының А, А+, А++ белгілері барын сатып алуға тырысыңыз. Бұл құралдың электр үнемдегіш екенін көрсетеді.
Бөлмелерге де үнемдейтін шамдарды орнатқаныңыз жөн. Үлкен жарық керек болмаған жағдайда, жеке қосылатын үстел үсті шамдарын қолданыңыз.
Үйде барынша үнемдеу әдеті сараңдық емес. Керісінше, ақылды адамның ісі. Себебі ештеңе мәңгілік емес, табиғаттың тазалығын сақтау – әр адамның борышы. "Судың да сұрауы бар" демекші, ол да бір күні мерзімінен ерте бітіп қалуы мүмкін.
Ұқсас жазбалар:
Ас үйіңіз өзіңізге ұнай ма?
Үй жиһаздары қандай ағаштан жасалғаны дұрыс?