Немістің атақты ғалымдардың бірі Эрнст Генрих Филипп Август Геккель «экология» терминін ойлап тауып, жануарлар мен өсімдіктердің байланысы ретінде қолданғаннан бері экология ғылымының ауқымы кеңіп, дамып келеді. Оны қоршаған ортаға, тамаққа, тіпті киім кию стилі мен үй жабдықтауда да қолданатын болды.
Бүгін біз экологиялық стильді үй жабдықтауда қалай пайдалануға болатыны жайлы сөз етеміз.
Бұл стиль, негізінен, жаз мезгіліне лайық. Себебі үйдің терезелері үнемі ашық тұрғандықтан, көшедегі шаң-тозаң үйге кіреді. Ал экологиялық стильдегі заттар жуып-сүрткенге, қағып-сілкігенге ыңғайлы, жеңіл болып келеді.
Егер аталмыш стильді қаласаңыз, заманауи металл-пластиктен жасалған заттарды ұмытыңыз. Алайда экологиялық стильді қолдану тек ағаштан жасалған жиһазды ғана сатып алу емес, үй ішін тас, әйнек, керамикалық бұйымдармен безендіру. Сондай-ақ кантри стиліндегі сандық, алаша, кілемше, кәрзеңке сияқты қарапайым, бірақ функционалды нәрселердің күні туады.
Қолөнер бұйымдарын ауылдағы туыс-таныстарыңыздан алдыруыңызға немесе кілем, алаша тоқитын шеберлерге арнайы тапсырыс беруіңізге болады.
Жиһаз ағаштан жасалғанмен, оның неше түрлі ою-өрнектермен безендірілген қымбат түрі емес, керісінше, кәдімгі ұсталар жонып жасаған, дөрекілеу түрі осы стильге жатады. Орындықтар мен дивандар, жастықтар мақта, зығыр, кенеп маталармен қапталады. Экологиялық стильдің басты идеясы - табиғатқа жақын болу, адамның дұрыс демалуына жағдай туғызу. Сондықтан бұйымдардың, түсқағаздың өте қызыл емес, табиғи, жанға жайлылық сыйлайтын жасыл, көгілдір, сарғыш, ашық қоңырқай түстегісін таңдаған абзал.
Салқын кезде пайдаланған қалың, қабатталған перделерді жуып, кептіріп, салып тастап, орнына жеңіл түрін немесе күннен қорғайтын жалюзиді қолданғаныңыз дұрыс.
Қабырғаға натюрморт, тоқыма панно немесе өз қолыңызбен қағаздан жасаған коллажды ілген жарасымды.
Ұқсас жазбалар:
Тар бөлмені кеңейту үшін
Үйдің жайлылығы үшін...