Адам алғаш өмірге келген кезінде, ең алдымен өз анасын көреді, ең алдымен қабылдайтыны да өз анасының тәрбиесі. Адамдар бірте-бірте есейе келе, кейбіреуі саудагер, ғалым, саясаткер, инженер болып жетілсе, ал кейбіреуі панасы жоқ кезбе, улы шегімдікке салынған, ұры, тонаушы, қандықол қылмысты болып шығады.
АҚШ-тағы қылмысты істер психология ғалымдары ананың адам өміріне болған әсерін зерттеу үшін бір қызықты тәжірибе жасаған. Ол бүкіл АҚШ көлемі бойынша әр салада кесек табысқа жеткен 50 үздік адамды таңдаған, сонымен бірге қылмыс өткізу тарихы бар адамдардан да 50 кісіні таңдап, оларға жеке-жеке хат жазып, ана тәрбиесінің өздерінің өміріне болған әсерін әңгімелеп беруді өтінген. Жарты айдан соң, психологтар көптеген хат тапсырып алған, солардың ішінде екі парша хат өте мәнді болған, әр екеуі де бала кездерінде аналарының алма бөліп беруге қатысты әңгімесін айтқан.
Түрмедегі жазасын өтеушінің хатында былай жазылған: «Кішкентай кезімде, бірде рождество мерекесінде шешем алма әкелді, үлкен-кішілігі әртүрлі еді. Мен алмаларды көре сала ортасында тұрған әрі қызыл, әрі ең үлкен алмаға көзім түсті, сол алманы қатты жегім келді. Шешем алмаларды үстелге қойып жатып, інім Джон екеумізге: «Сендер қайсысын алғыларың келеді?» дегенде, «анау ең үлкенін» дегенімше, інім менен бұрын айтпақшы болған ойымды айтып салды. Шешем оның сөзін естіген соң, оған көзін бір алайтып: «Жақсы бала деген жақсы нәрселерді басқаларға арнауды үйрену керек, үнемі тек өзін ғана ойласа болмайды» деп жазғыра жөнелді. Мен шешемнің мақтауына ие болу үшін, дереу сөзімді өзгерттім де: «Мен анау ең кішкенесін аламын, үлкенін інім Джон алсын» дедім. Шешем мен ойлағандай қатты қуанды да әлгі әрі қызыл, әрі үлкен алманы маған сыйлыққа берді, ал Джон ең кішкенесіне ғана ие болды. Осы оқиғадан бастап, мен өзім алмақшы болған нәрсеге ие болу үшін, ылғи шын ойымды жасырып, өтірік айтатын болдым. Орта мектепке шыққанда алмақшы болған нәрселерге ие болу үшін, нәпсімді қанағаттандыру үшін әрқандай амалды қолданудан бас тартпайтын болдым, тіпті кейін төбелесуді, ұрлық істеуді, улы шегімдік шегуді, тонаушылық істеуді, тіпті адам өлтіруді де үйрендім. Ал, қазір мәңгілік түрмеде жатырмын».
Ақ Сарайдан келген әйгілі азаматтың хатында былай жазылыпты: «Кішкене күнімде, әкемнің туған күні еді, шешем бір дорба алма әкелді. Інім екеуміз де ең үлкеніне таластық. Шешем әлгі ең үлкен, әрі, ең қызыл алманы қолына ұстап тұрып, бізге: «Жарайсыңдар, балаларым, сендер шын ойларыңды айттыңдар. Мына ең үлкен, ең қызылы, әрі, ең тәттісін әркімнің-ақ алғысы келеді. Бірақ мына ең үлкені тек біреу ғана. Сол үшін біз бір жарыс өткізейік, мен ана есік алдындағы шөп текшені үшке бөлейін, біреуіңе бірден болсын, шөп текшені кім әрі тез, әрі жақсы кесіп тегістеп шықса, сол мына алманы алу толымдылығына ие болсын» деді. Нәтижеде тырысуым арқылы әлгі ең үлкен алмаға мен ие болдым. Мен шешеме үлкен алғыс айтамын! Шешем маған мынадай қарапайым да, өте маңызды жөн-жосынды ұғындырды: «Ең жақсысына ие болу үшін, сөзсіз бірінші болуға тырысуың керек». Ол бізді үнемі осылай тәрбиелейтін. Үйде кім ең жақсысын алғысы келсе, ылғи жарыс өткізу арқылы шешім таптыратын, бұлай істеу өте әділ еді, сен неге ие болғың келсе, сол үшін тырысуың әрі бодау төлеуге тиіссің!».
Бірдей алма бөлісу оқиғасы. Бір ана баласына өтірік айтқызуды үйретсе, ал және бір ана балаларын шыншыл болуға жетектеді. Елеп-ескерусіз кішкентай істер баланың бүкіл тағдырын өзгертті. Бесіктегі ананың қолы баланы дарынды болуға да, байқаусызда тіпті азғын адам болуға да себепкер болуы әбден мүмкін!
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: nipic.com