Айдың ортасы... Алдыңғы айлық баяғыда құртылып қойды, ал келесі жалақыға дейін әлі талай уақыт бар. Соңғы ақшаны жол-тамаққа ғана құртып, өзіңізді басқа нәрселерден тыясыз ба? Келе жатқан демалысты ақшасыз қалай жақсы өткізуге болады?
Әр қызға демалыстың басты рәсімі - шопингті жақын құрбыңызбен киім ауыстырумен алмастырса болады. Гардеробыңызда киілмейтін, сізге жараспайтын, босқа жатқан киімдер аз емес болар. Олардың құрбыңыздың көңілінен шығып, оған жарасып кетуі әбден мүмкін. Сол сияқты құрбыңыздың да сондай киімдері сізге ұнап қала алады. Киімді ауыстырып киіп, жарасатынын таңдау сізге шын шопингтің рахатын сыйлайды.
Кинотеатрда басталған жаңа фильмді тамашалауға барудың орнына, үйде-ақ киносеанс ұйымдастырыңыз. Баяғыдан көргіңіз келіп жүрген фильмді дискіге жазып, үйіңізге достарыңызды шақырып, тіскебасарлар дайындап қойыңыз. Осылайша уақыт өткізу заманауи кинотеатрға барғандай әсер береді.
Мейрамхана, кофеханада кездесіп, достарыңызбен тамақтанғанды дәстүрге айналдырдыңыз ба? Ақша жоқта бұның орнына табиғат аясына шығып, серуендеңіз. Үйден бірнеше бутерброд, сендвич жасап, термосқа шай құйып, автобусқа отырып алып, қала маңынан жақсы жер тауып демалыңыз. Көрпешелер төсеп тамақтанып, суретке түсіп қайтыңыз.
Демалыстарыңыз сәтті өтсін!
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: gov.cap.ru, popcorn-in-paradise.com