Дүйсенбі күні ұйқысы қанып, жұмыс күнін көтеріңкі көңіл-күймен бастап жатқан әріптестеріңізге қызығасыз ба? Егер қызықсаңыз, сіздің жағдайыңыз түсінікті. Бұл уақытыңызды дұрыс жоспарлай алмаудың себебінен.
1. Уақытыңызды дүйсенбіден бастап, жексенбі күнге дейін жоспарлаңыз. 10 жағдайдың 9-ында сәтті демалыс кездейсоқ болмайды. Сондықтан демалыс күндері немен айналысатыныңызды алдын ала ойластырыңыз. Бірнеше нұсқа болса, таңдау жасап үлгересіз, әрі жағымды эмоцияларға ие боласыз. Үшіншіден, демалысыңызды ойдағыдай өткізу үшін қалған 5 күннің ішінде үй жұмысын реттеп қоясыз.
2. Ең ауыр деген жұмыстарды, жоғарыда айтылғандай, жай күндері ретке келтіріңіз. Мысалы, сенбі-жексенбі күндері бөлмеңізді реттеп, кір жуатын болсаңыз, оның сіздің жоспарыңызға кедергі жасайтынын еске алыңыз. Ал «Жұмыстан кейін шаршап келемін ғой» сынды сылтаулар қабылданбайды. Дүйсенбі күні бетіңізге маска жасап, шаңды сүртіп шығыңыз. Сейсенбі әдеттегі жаттығудың орнына үй жинап жүріп жүгіріңіз. Сәрсенбі әуен тыңдап тұрып киім үтіктеңіз. Бейсенбі кір жуылып болғанша кітап оқыңыз. Осылайша демалыс күндеріңіз нағыз қызықты оқиғаларға дайын болады.
3. Өзіңіз ұнатпайтын жұмысқа демалыс күндері небары 30 минут немесе 1 сағат арнап дағдыланыңыз. Мұны №2 пунктіні толық орындаған кезде жүзеге асыра аласыз.
4. Демалыс күндері де ерте тұрыңыз. Әрине, бұл сіздің естігіңіз келген кеңес емес екенін жақсы түсінеміз. Алайда оның пайдасы зор және екі себебі бар: тәніңізді тұрақты күн тәртібіне үйретесіз және таң сәріде ерте тұратын адамның алдында ұзақ күн күтеді.
5. Шектен шығып кетпеңіз. Адам уик-эндке арналған жұмыс тізімін көрген кезде-ақ шаршайды. Мұндай тайминг демалыстың шырқын бұзады. Бір күнге маңызды деген 2-3 жұмыс жеткілікті.
6. Фитнеске уақыт табыңыз. Жұмысыңыз көп болған сайын, белсенділігіңіз де жоғары болуы тиіс. Ал бұған күнделікті 20 минут жаяу жүру сынды кеңес көмектеспейді. Сондықтан фитнеске міндетті түрде барыңыз.
7. Достарыңызбен жексенбі күні жүздесіңіз. Олармен алдыңызда күтіп тұрған жұмыс күнінен бір күн бұрын кездесіп, демалып алғаныңыз жөн. 3300 волонтердің 94%-ы бұл жүздесудің көп көмегі тиетіндігін айтқан.
8. Қозғалысты ойластырыңыз. Бір күніңізді бір-ақ жұмысқа арнап қойғаныңыз жарамайды. Пайдалы, қажетті, жанға рақат сыйлайтын жұмыстардың ретін белгілеңіз. Мысалы, демалыс күні ауылға баруды жоспарласаңыз, жол-жөнекей сауық орнына, сауда дүкеніне кіретіндей жоспарлаңыз.
9. Көмек сұраудан қысылмаңыз. Халқымыз кең пейіл болғандықтан, өзінің жағдайы болмаса да, ауылдан келген іні-қарындастарын ЖОО-ны бітіргенше бағып-қағуға әзір. Олар да осы үйдің бір мүшесі болғандықтан, үй шаруасына ат салысуы тиіс. Яғни жұмысты теңдей бөліп, әңгіме-дүкен құрып жүріп жинастыруыңызға болады.
10. Оффлайнда болыңыз. Бұл сөздің мағынасы біз айтпасақ та, түсінікті сияқты. Шын мәнінде демалғыңыз келсе, телефоныңызды сөндіріп, әлеуметтік желілерден біраз алыстай түсіңіз.
Ал сіздің демалыс күніңіз қалай өтеді?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет авторлары: Серік Өтегенұлы, Сәрсенбек Қызайұлы, Ерлан Омаров (сурет өңделген)