Декрет демалысында жұмыс істеу жолдары

Сәби дүниеге келді. Жүрекжарды қуаныш. Сүйінші сұрау. Шілдехана, бесік той, қырқыннан шығару. Ырду-дырду басылып, той тарқаған соң-ақ жұбайлар ата-ана болудың қызығы мен қиындығы қатар жүретінін сезіне бастайды. Тұрмыстық, психологиялық қиындықтарға адам табиғаты тез бейімделгенімен, қаржы тапшылығы, әсіресе, жас отбасыларды кәдімгідей қыспаққа алады. Қазіргі уақытта Қазақстанда жұмыс істейтін келіншектерге бала босанғаннан кейін екі ай ғана бұрынғы жұмыс орны «бала күтіміне байланысты» ақша төлейді, ал одан кейінгі Мемлекеттік жәрдемақы қорынан аударылатын қаражат, әдетте, нәрестенің жаялығына ғана жетеді. Әйелі мен екі-үш баласын жалғыз өзі асырау кез-келген ер азамат үшін де оңай емес. Сондықтан да, жас босанған аналар декреттік үзіліс кезінде үйде отырып ақша табудың түрлі әдістерін іздей бастайды. Егер сіз де солардың қатарында болсаңыз, төмендегі кеңестерге назар аударып көріңіз. 

1. Интернет
Баламен үйде отырып ақша табудың ең кең тараған түрі. 
А) Егер сіздің қолыңыздан мақала жазу келсе, оны түрлі сайттарға сатуға болады. Сондай-ақ, егер бірнеше тілді жетік меңгерсеңіз, аудармамен айналыса аласыз. Әрине, бұл салаларды табыс көзіне айналдыру үшін соған сай біліміңіз бен аз-кем тәжірибеңіздің болғаны игі. Дегенмен, неге бастап көрмеске? 
Ә) Декретте отырып, жеке кәсіпкерге айналуға да болады. Ғаламторда дүкен ашу арқылы. Әлбетте, қалтасында көк тиыны жоқ адам сауда-саттықпен айналыса алмайды. Дегенмен, бастапқыда көп ақша кетпейді. Ең бастысы, бәрін дұрыс есептесеңіз, қаржыңыз екі еселеніп, қалтаңызға қайта кеп түседі. Мысалы, бүгінгі таңда балалар киімдері, ойыншықтар, әйелдерге арналған тауарлар үлкен сұранысқа ие. Сіз секілді үйден шығуға мүмкіндігі аз қаншама ана бар! Олардың бәрі тауарды әйтеуір бір жерден алу керек қой. Менің бір құрбым тіпті азық-түлікке дейін ғаламтордан тапсырыс береді. Кім біледі, мүмкін болашақта ғаламтордағы шағын дүкеніңіз үлкен бутикке немесе супермаркетке айналар.
Б) Негізгі мамандығыңыз арқылы ақша табу. Егер сіздің мамандығыңыз психолог болса, ғаламторда жарнама беру жолымен жеке қабылдаулар немесе тренингтер өткізіңіз. Елімізде жуырда ғана пайда болған қызмет түрі - сенім телефонында жұмыс істеңіз. Егер мұғалім болсаңыз, жеке репетиторлықпен айналысыңыз. Сондай-ақ, тапсырыспен реферат, дипломдық жұмыс, тіпті ғылыми диссертациялар да жазуға болады. Көптеген фирмалар үйде отырып жұмыс істейтін есепші (бухгалтер) іздейді. Дәрігер мен мейірбикенің қызметіне зәру адамдар өте көп. Алдын-ала келісіп, үйге барып емдеу сізге де ыңғайлы. Мұндай жұмысқа күніне 1-2 сағат уақытыңызды арнасаңыз, жеткілікті. 
В) Сүйікті ермек ісіңіз арқылы ақша табыңыз. Көптеген жас аналар бала күтіміне байланысты үйде отырған кезде өздерінің қолынан көп нәрсе келетінін байқайды. Іс тігу, тоқыма тоқу, тамақ пісіру, гүл өсіру, сурет салу... Жас ана өз жақындарына, достарына сыйлық ретінде бір нәрсе жасайды, олар бұл туралы басқаларға айтады. Міне, осылайша, өзіңе ұнайтын, жаныңа рухани ләззат сыйлайтын шығармашылық жұмыс арқылы жаңа бір бизнестің есігі ашылады. Мысалы, ақын Асылзат Арыстанбек - әшекей бұйымдар жасайды, әлеуметтік желі қолданушыларына жақсы таныс: Аңсаған Мұстафа - сурет салады, Жанар Көбекбай - егіз қыздарын дүниеге әкеліп, декретте отырған кезінде балаларға арналған журнал шығара бастады. Балаларды суретке түсіруді ұнатасыз ба? Өзіңіз түсірген суреттерді өңдегенді жақсы көресіз бе? Мүмкін, онда сіз Анна Геддес секілді әйгілі фотосуретшіге айналарсыз? Барлығы өз икемділігіңізге байланысты. 

2. Шағын балабақша
Бұл жұмыс түрі бірнеше перзенті бар әйелдердің оң жамбасына келеді. Олардың бала тәрбиесінде тәжірибесі мол. Әрі, өз сәбиіңді біреудің қарауына беріп, жұмысқа шыққанша, өзің бөбегіңнің қасында болып, басқа баланы қосымша бағып отырғаның жақсы емес пе? Ақша табудың бұл түріне толығырақ тоқталайық. 
Нәрестеме жүкті кезімде мен ауладағы көкөніс дүкенінің сатушысымен таныстым. Есімі - Әсем, жасы менімен шамалас келіншек, екі баланың анасы. Мамандығы - мұғалім. Тұңғышын босанғаннан кейін қайтадан мектепке оралмағанын, себебі, ұлы мен қызын балабақшаға бергісі келмейтінін, бірақ, сатушы боп жұмыс істеу қиын екенін айтқан. Күйеуі екеуі осы шағын дүңгіршекті ашып, кезекпен істейді екен. Оның бір артықшылығы, дүкенді кез-келген уақытта жауып кетуге болады, ал мектепте олай жасай алмайсың деген еді. Арада бірнеше уақыт өткенде аулада балаларын ойнатып жүрген Әсемді көрдім. Бірақ, бала саны екеу емес, төртеу еді. 
Сіз де аулада, емханада немесе перзентханада өзіңіз сияқты жас аналармен танысқан шығарсыз? Міне, олардың кейбірі баласын балабақшаға ертерек бергісі келеді. Дегенмен, мемлекеттік балабақшалар екі жасқа толмаған сәбиді алмайды. Көп әйелдер жұмысқа шығу үшін бала күтуші жалдайды. Бірақ, оны да бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Әрі ата-аналар сәбиінің өзі қатар балалармен ойнап өскенін қалайды және жекеменшік шағын балабақшаға төленетін ақша жеке күтуші жалдаудан әлдеқайда арзан. 
Әсем біздің он қабатты үйдің басқа подъездерінде тұратын екі баланы өз пәтеріндегі шағын балабақшаға қабылдапты. Ата-аналарына да ыңғайлы. Қаланың басқа шетіне сүйреп жүрмейді. «Кешке де жұмыстан келіп, тамақтарыңды әзірлеп алыңдар, сосын аласыңдар» - деп айтамын аналарына, дейді. «Бәрібір өзімнің екі балама тамақ әзірлеймін, соларға кітап оқып беремін, маған қиын емес, бір-бірімен ойнайды, таза ауаға бірге шығады. Мен тек бас-көз боп жүремін», - дейді Әсем. Әрине, өз балаларыңмен бірге өзге сәбилерді де тәрбиелей алу үшін анаға тән үлкен махаббат және педагогикалық таным керек. Білім емес. Таным. Түйсік.

3.Бұрынғы жұмыс
Көбіне жас аналар бала күтіміне байланысты демалысқа шыққанымен, қайтадан жұмысына оралуға асығады. Заң бойынша 3 жылға дейін сіздің жұмыс орныңыз сақталады, бірақ, одан ерте шыққысы келетін қызметкерге ешкім де «жоқ» дей алмайды. Егер бұл нұсқаға тоқталсаңыз, басшылықпен алдын-ала келісіп алыңыз. Мұнда да үйде отырып жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырыңыз. Қазіргі заманауи технологиялық жетістіктерді пайдаланып, фирманың клиенттерімен скайп арқылы сөйлесуге, құжаттарды онлайн толтыруға болады. Сондай-ақ, кеңседе таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін емес, күніне бірнеше сағат жұмыс істеу де таптырмас тәсіл. Мұндай жағдайда сіз жұмысқа кеткен кезде балаға қарай тұратын көмекші керек. 

Декреттегі жұмыстың артықшылықтары:
1. Отбасылық бюджетке тек шығын келтірмей, табыс әкеліп, үлес қосасыз. Дегенмен, қыруар ақша таппасаңыз да, бірінші ұтарыңыз - бір орында тоқтап қалмай, маман ретінде дами бересіз. Яғни, декреттегі жұмыстың басты мақсаты 3 жыл көлемінде үйде отырған әйелдің қарайып қалмауы, өзін ана ғана емес, маман ретінде де сезіне білуі. 
2. «Декретте отырған әйелге жұмыс істеудің не қажеті бар? Отбасын асырау ер адамның міндеті» деп есептейтіндер баршылық. Бірақ, психологтардың пайымдауынша, бала күтіміне байланысты үйде отырса да, белгілі бір кәсіппен шұғылданатын әйелдер өз отбасынан тысқары жерден жанына жылу іздемейді екен. Жұмыс істемей, тек қана баланың бетіне қарап отырғандармен салыстырғанда әлдеқайда байсалды, әр нәрсені бір айтып, күйеуінің де миын жемейді. «Пендеде бір іс бар жалығу деген» деп, хакім Абай бекер айтпаған ғой. Бақытты ана - бақытты бала. Сонымен, екінші артықшылық ол – көңіл-күй. 
3. Декрет уақытында жұмыс істеу ең сылбыр, баяу, жалқау ананың өзін жөнге салады. Енді сіздің баладан қол тимеді деп, күн ұзаққа дода-додаңыз шығып, шаш тарамай жүруге уақытыңыз жоқ. Үй шаруасын жылдам бітіріп, жұмысқа кірісуіңіз керек. Бірақ, бұл сәби дүниеге келген күннің ертесіне белді бекем буып, жұмысқа кірісу қажет деген сөз емес. Көптеген аналар бала бір жасқа толып, аз уақыт болса да өз бетінше ойнай алатын хәлге жеткенде жұмыс істей бастайды.
4. Сондай-ақ, бала күтіміне байланысты үйде отырған ананың қосымша мамандықты игеруге, білім алуға мүмкіндігі бар. 

Сонымен, әйел үшін декреттік демалыс кезінде жұмыс істеу – табыс көзі ғана емес, бала тәрбиесін өзіне ұнайтын іспен ұштастырып, уақытты тиімді пайдалану. Оның ең басты артықшылығы - баланы бөгде адамға (бала күтуші, ясли) тапсырып, жұмысқа ерте шығып кетпейтіндігіңіз. Адам баласы қанша жасқа келсе де, ана мейіріміне мұқтаж, дегенмен, 3 жасқа толмаған сәби үшін ана махаббаты ауадай қажет, ол сіздің тәулігіне 24 сағат қасында болғаныңызды қалайды.

Ескерту: 
*Декреттегі жұмысқа бар уақытыңызды арнап, басты миссияңыз - бала тәрбиесі жөнінде ұмытып кетпеңіз;
*Интернет арқылы жұмыс іздеу барысында алаяқтардың арбауына түсіп қалмаңыз - қаржы пирамидасы, комментарий жазу арқылы ақша табу, дауыс беру арқылы ақша табу және бизнес ашу, жұмысқа орналасу мақсатында қандай да бір есепшотқа қаржы аудару туралы ұсыныстардан бірден бас тартқаныңыз жөн.
 
Нәзира Ермаханқызы, Ақкелін сайты