Дәлізді тазалап отыруды әдетке айналдырсаңыз, зиянды микробтардан арылып қана қоймай, үйдің энергиясын да жаңартасыз.
Көп қабатты ескі үйлердің пәтерлерінің көбінде төбеде шкаф ілініп тұрады. Бұған бос бөтелке, банка сияқты артық ыдыс, құтыларды салып қойғанды жақсы көретін болсаңыз, бүгіннен бастап оны босатыңыз. Өйткені, бұл шкаф өте сирек сүртіледі. Шаң-тозаңның бәрі сонда жиналатыны ешкімге құпия емес. Шаң тозаң үйдің еңсесін түсіріп, атмосферасын ауырлатады. Бұндай шкафты мүлде алып тастауыңызға да болады.
Көп пәтерлердің дәліздері өте тар. Сол себепті дәлізде тек күнделікті пайдаланатын заттарға арналған жиһаздың болғаны дұрыс. Мысалы, киім ілетін шкаф. Ең дұрысы шкафты күнделікті киімдерді, аяқ киімдерді, сөмкені, қолшатырды, тіпті кілттерді ілетіндей әрқайсысының арнайы орны болатындай қылып тапсырыспен жасатқаныңыз абзал.
Ал жер үйлердегі дәліз әрине кеңдеу, дей тұрғанмен, мұнда да басы артық жиһаз қоймай, оның орнына құмыра, кашпо, картина секілді заттармен безендірсеңіз, үйге кірген сәтте өзіңіздің де, өзгенің де көңіл күйі көтеріліп сала беретін болады.
Айна - дәлізге қажетті бұйымдардың бірі. Айнаның кісінің бойын толық көрсететін түрін алған жөн. Оны бөлме тар болса, шкафтың есігіне орната аласыз. Есіктің алдына төселген кілемшені мезгіл-мезгіл тазалап тұрыңыз.
Үйден шығарда адам өзін бастан-аяқ мұқият қарап шығу үшін дәлізге жарықты көп түсіретін шам орнатқан жөн.
Ұқсас жазбалар:
Электр энергиясын не үшін үнемдеу керек?
Ас үйіңіз өзіңізге ұнай ма?