Біз өткен жолы 40, 50 жасқа келсе де психологиялық тұрғыда туылмаған адамдар туралы жазған болатынбыз. Мұндай кісілер өзіндік пікірі жоқ болғандықтан, әлі ата-анасына жалтақтап отырады, ал ата-анасы өмірден озса, тіпті тіршіліктен баз кешіп кетеді. Бұл орайда "Он үште отау иесі" деген нақыл сөздің оларға еш қатысы жоқ секілді көрінеді.
"Психологиялық туылу" - ата-анасыз шешім қабылдай алу, өз өмірі мен отбасына және қартайған ата-анасына қамқор болу қабілеті. Бұл әйелдер мен ер адамдарға бірдей қатысты.
Не істеу керек?
Біріншіден, адам өзінің осындай жағдайда екенін түсініп, "иә, мен әлі баламын, өз бетімше шешім қабылдай алмаймын" деп мойындауы қажет. Бұл - бірінші қадам.
Екіншіден, ешкімге ренжімеу керек. Кейде осындай бір өмірдің сынағынан өту керек болады. Сондықтан ата-анасына: "сендер мені осылай тәрбиеледіңдер" деп өкпелеп, уақытын кетіріп, өзінің де, өзгенің де жүйкесін тоздырудың еш пайдасы жоқ.
Үшіншіден, әйел адам да, ер адам да іштей әкесімен (бұл дүние де жоқ болса да) сырласуы керек. Өйткені отбасында тек ананың ғана емес, әкенің де рөлі өте маңызды. Кейбір әкелер ішіп кетеді, не отбасын тастап кетеді. Ондай әкенің ұрпағы өмір бақи оны жек көріп өтеді, әрі өз отбасын дұрыс құра алмайды. Ұл бала әкесінен үлгі-өнеге көрмегендіктен, ержете келе қандай отағасы, қандай әке болуды білмейді. Қыз бала да әкесі мен шешесінің ерлі-зайыпты болып, ұйыған тату-тәтті қарым-қатынасын көрмегендіктен, бойжете келе қандай отанасы болуды, күйеуімен өзін қалай ұстауды білмейді.
Төртіншіден, өз-өзін бағалап, жақсы көруге ұмтылған абзал. Бұдан былай өзінің өмірдегі жеке орны бар, дара тұлға екенін түсініп, соған қарай әрекет еткені жөн.
Бесіншіден, әлі шаңырақ құрмаған болса, алдына мақсат қойып, дұрыс отбасын құруға (алдыңғы кезеңдері өткеннен кейін) тырысу керек. "Жақсылықтың ерте-кеші жоқ" деп дана халқымыз бекер айтпаған.
Сурет: ©Mama's place
Оқи отырыңыз:
Біз қандай ұрпақпыз?
Күйеу бала немесе "сен менің әкеме ұқсайсың"
"Әкесі жақсы қандай-ды, перзент қамын ойлаған"
Болашақ жарыңыздың анасымен қалай танысасыз?