- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Былғары тонның қыртысын...
Былғары тонның қыртысын кетіру жолдары
Таза былғарыдан тігілген киімдердің бүгінгідей ауа райында маңызды зор екені белгілі. Ол адамды суықтан, ылғалдан қорғайды. Сонымен қатар кір көтеретін қасиетке де ие. Алайда мұндай киімдердің бір қолайсыз тұсы – қатты қыртыстанса, оны бұрынғы қалпына келтіру қиын. Былғары киім былғанса, жұрт оны тазартудың түрлі әдіс-тәсілдерін біледі, ал қыртыстанса түзетудіңі жолын таппай әбіржіп жатады. Сондықтан назарларыңызға былғары киім қыртысын кетірудің бірнеше жолын ұсынамыз.
Қандай киім болса да, қыртысын үтіктеу арқылы кетіретініміз анық. Сол себепті былғары киім қыртыстанса да, ойымызға оны үтіктеп жазу келетіні белгілі. Алайда мұндай жағдайда есте ұстайтын жайттар бар.
• Былғары өте жоғары температураны сүймейді. Аса ыстық үстік оның қыртысын жоймайды, керісінше қайта күйдіріп, киімді бүрістіріп тастауы мүмкін. Сондықтан қажеттілік туған жағдайда оны өте сақ үтіктеу қажет. Оны ішкі жағынан үстіне шүберек қойып тұрып үтіктейді. Үтік аса ыстық болмауы қажет және шүберекті суламаған дұрыс. Егер былғарының астына бірнеше қабатталған жұмсақ сүлгі қойса, киімнің қыртысы оңай жазылады.
• Былғары киімнің қыртысын оның ішкі жағына газет төсеп, қатты қызған үтікпен басу керек. Үтіктеу емес, тек басу. Яғни қыртысталған тұсты бірнеше секунд бойы үтікпен басып тұрған дұрыс. Сосын үтікті бірден алып, қатты қызып тұрған жерге қалың кітапты қойып жіберу қажет. Кітап қызып тұрған тұстың ыстығын өзіне сорып алады. Ол өз кезегінде былғары киім қыртысының тез жазылып кетуіне көмектеседі.
• Былғары киімнің қыртысын кетірудің тағы бір жолы – ыстық, булы бөлмеде немесе ваннада жарты сағаттан астам уақыт іліп қою. Мұндайда қыртыс өз-өзінен жазылып кетеді.
Есіңізде болсын, дүкендерде былғары киімнің қыртысын кетіруге арналған заттар да сатылады. Алайда мұндай заттарды киімге ұқыптап, қолдану ережесімен толық танысып қолданбаса, киіміңізді бүлдіріп алуыңыз ғажап емес.
Н. Үсенова