- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Былғары күртешенің күтімі...
Былғары күртешенің күтімі
Былғары күртеше күзде қыздар арасында да, ерлер арасында да өте танымал болатын сыртқы киім. Қазірде күздік былғары күртеше әрқайсымызда бар. Гардеробымыздағы бұл киімнің ғұмырын ұзартып, өңін сақтау үшін ерекше күтім көрсетіңіз.
Былғары – табиғи материал. Ол кір көтергіш, сапалы, ұзақ уақытқа пішіні мен түсін сақтайтын болады. Сол себепті күртеше үшін былғары ең дұрыс мата болып табылады. Ол жаңбырдың суын өткізбей, желдің суығынан қорғайды, жылуды сақтап, терлетпейді. Сонымен қатар, былғары күртешемен үйлесіп киінген киім қайталанбас стильді бейне береді. Ол джинсы шалбарымен де, спорттық киіммен де, ресми белдемше және шалбармен де жақсы жарасады. Осы әмбебаптығы мен сапалығы былғары күртешені күздік гардеробымыздағы басты киімге айналдырады.
Нағыз былғарыдан жасалған сапалы күртеше қазірде арзан емес. Сондықтан көп жағдайда оны жыл сайын не маусым сайын ауыстырып тұруға мүмкіндік болмайды. Былғары күртеше сізге ұзақ жылдарға қызмет ете алатындығын ескерсек, оған жақсы күтім көрсетсеңіз болғаны.
Былғары табиғи материал болғандықтан, ол күнделікті мұқият күтімді талап етеді. Сонымен, былғары күртешенің күтімі келесідей болуы керек:
- Күртеше пішінін сақтау үшін оны күнделікті иықтары бар ілгішке ілу керек. Ілгіш күртешенің пішінін зақымдамайтындығына көз жеткізген дұрыс. Жалпы күртешені ылғи ілгішке іліп жүрсеңіз, оның пішіні бұзылмай, бұрыңғыдай сақталады, былғары тартылып не басылып қалмайды.
- Былғары күртешесін сақтайтын жеріңіз құрғақ және жақсы желденетін болуы тиіс.
- Егер сіз былғары күртешеңізді арнайы мата қапшығында (чехол) сақтасаңыз, матаның түріне де мән беру керек. Былғарыны табиғи маталардан тігілген чехолда сақтауға тырысыңыз.
- Целофан сынды материалдармен үйкесуін болдырмаңыз.
- Күртешеде жаңбырдын астында қалып, су болып қалған жағдайда оны ылғал түрінде сөренің ішіне ілмеңіз. Күртешені құрғақ, суды жақсы сіңіріп алатын матамен сүртіп, ілгішке іліп, кебуін күтіңіз. Кейбір дүкендерде былғарының кебуін тездететін арнайы заттар сатылады. Ондайды қолданбаған жөн, себебі табиғи былғары одан бұзыла бастайды.
- Былғарыдан тігілген киім бұйымдарын кір жуғыш машинаның ішінде жумаңыз. Бұл затты бірден бұзады.
- Егер күртешеңіз химиялық не бояғыш заттардан кірленсе (бояу, бензин, май), оны химиялық тазалауға мамандарға тапсырғаныңыз дұрыс. Әрине, кірленгеннен кейін барынша тезірек өткізіп, дереу тазалауын сұраңыз.
Қазірде былғарыдан тігілген заттарға күтім көрсету үшін көмекші құралдар бар. Сіздер де солардың арасынан өзіңізге дұрысын таңдаңыз. Олар былғары заттың ғұмырын ұзартып, түсі мен пішінін бастапқыдай болып сақталуына өз септігін тигізеді.
- Судан қорғағыш спрей. Спрейді құрғақ кезінде былғары күртешеге шашып қойыңыз. Сіңгеннен кейін бұл зат күртешеге тиген суды "итеріп", соның арқасында судың былғарыға әсер етуінен сақтайды. Нәтижесінде жаңбырлы күні де затыңыздың түрі бастапқыдай сақталып, оған қоса кебу барысында ағарып құртылмайды.
- Былғары арналған балауыз. Бұл құрал уақыт өте қатайған теріні керемет жұмсартады. Ал күртешеңіздің түсіне келетін балауызды тапсаңыз, онымен жарықтар мен ұзақ уақыт кигендіктен пайда болған басқа да кемшіліктерді жасыруға болады.
- Былғарыға арналған губка. Губкада арнайы былғарыға қажетті заттар болады. Губкамен күртешені сүртіп отыру өте ыңғайлы.
- Былғары тазалайтын көбік. Көбікті күртешеге шашып, құрғақ матамен сүртіп шығу керек. Бұл зат тез сіңіп, құрғайды. Күртешені бір уақытта тазалап, оған күтім көрсетіп, болашақ жарықтардан сақтайды.
Осы және басқа да былғарының күтіміне арналған құралдарды арнайы дүкендерден алуға тырысыңыз. Бұл заттармен тек былғары күртешесін ғана емес, сонымен қатар былғарыдан тігілген аяқ киім мен сөмкелерді тазалауға болады.
Қол астында бұндай арнайы сұйықтықтар мен құралдар болмаған кезде бұрыннан белгілі үйде жасауға болатын айлаларды қолдануға болады.
- Былғарыны кір мен шаңнан пияз жақсы тазалай алады. Бір пиязды ашып, ортасынан қақ бөліңіз. Пияз кеуіп қалмай тұрғанда күртешені сүртіп шығыңыз. Үлгермесеңіз, пиязды қайта кесіп сүртуді жалғастырыңыз. Дауадан кейін күртешені губкамен сүртіп шыққан дұрыс.
- Былғары күртешені жылтырату үшін қарапайым глицерин қолдануға болады. Губкаға не құрғақ матаға кішкене глицерин жағып, күртешені сүртіп шығыңыз.
- Сондай-ақ бұл мақсатта апельсин қабығын қолдануға болады. Оның сыртқы жағымен күртешені сүртіп, өңін жаңартуға болады екен. Апельсин қабығындағы эфир майлары былғарыға табиғи жылтырын қайтарады.
Естеріңізде болсын, былғары күртешесіне күнделікті күтім көрсету оның ғұмырын бірнеше жылдарға ұзарта алады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: mngreenclean.com
С. А