Біз бүгін қазіргі қоғамдағы әйелдер қауымының әлеуметтік жағдайы жөнінде әңгіме өрбітсек деп едік. Кез келген бойжеткеннің алдында түрлі жол тұр. Ол ертеңгі "Өзін" қалай елестетеді?
Жұмыскер ана
Ол өзінің өмірге келудегі басты мақсаты - тұрмысқа шығып, ана болу деп біледі. Сонда да қоғамнан алыстамай, өз мамандығы бойынша күн көрудің қамын жасағанды дұрыс көреді. Бәрі де баршылықта өмір сүргенді қалайды. Бірақ тұрмыстың қиындығы нәзік жандыларды да үйден түзге айдайды. Әйтпесе қолды ыстық суға салып, күйеуінің жұмыстан келіп, дайындаған дәмді тамағы үшін алғыс айтқанын естіп қана отыруды жөн көретіндер де жоқ емес. Бұл да бір бақыт... Заман адамның ырқына көне бермейді. Мұндайда әйелдер отбасылы болып та, жұмысқа шығады. Әрине, олар екі жақты да тең ұстауға тырысады. Жұмыскер аналардың кейбірі отағасының орнын басып тіршілік қамына кіріседі. Олардың жоқтығын білдірмеуге тырысады. Жұмыскер аналардың кейбірі өзі ұнатқан кәсіптің маманы атанады. Олар карьера қууға тырыса бермейді. Ал оған үлкен жолдар ашылып жатса, кері де бұрылып кетпейді. Бірақ олардың мақсаты - шен өсіру емес, нан табу. Олар "Қанағат қарын тойғызар" деген сөзді жақсы көреді. Ауыр жұмыстан шаршап келіп, байлар жайлы телехикая көреді. Өздері үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін "әдемі өмірдің" бір рет болса да кейіпкері болғысы келеді. Бірақ олар "барымен базар" жасайды. Қоғамның көп пайызын осындай жұмыскер аналар құрайды.
Үй шаруасындағы әйел
Өз отбасының жағдайын жасауға шамасы келетін ер адамның көбі әйелдің тек үй шаруасымен айналысып қана күн кешкенін қалайды. Үйде тек дипломсыздар ғана отырады десек, қатты қателесер едік. Бала-шағасын шырылдатпай, нанын тауып беріп отырған отағасы өз жұбайының түзде жұмыс жасағанын аса жақтыра бермейді. Ер адам жұмыстан шаршап келгенде тамақ дайын болмай, үй іші шашылып жатса, қабағына қар жауары белгілі. Өзі де жұмыстан кеш келетін әйелінің үй шаруасына шамасы қайдан келсін? Сондықтан кейбір әйелдер өз еркімен болса да, басқалардың шешімімен болса да, үй шаруасымен айналысып қана отыруға көндігеді. Жұмыс жасауға мүмкіндігі болса да солай етеді. Үй шаруасындағы әйелдер өздерінің бос уақытында (үйдегі тірлігін атқарып болғаннан соң үнемі бос болады) өзінің сүйікті ісімен шұғылдануына әбден бодады. Бала тәрбиесімен айналысып, ері тапқан қаражатты тиімді жұмсауға тырысады. Түрлі аспаздық журналдарды ақтарып, әр кеш сайын жұбайына бұрын татып көрмеген тағам жасап береді. Егер ерінің материалдық жағдайы көтеріп жатса, үй шаруасындағы әйелдер "бастықсыз өмірден" рахат алады.
Карьера қуған ару
Олар үшін өмірдің рахаты ешкімге тәуелді болмауда. Олар жұбайының "жыртық" қалтасын аңдып отырғысы келмейді. Оңай қолы жеткен орасан байлыққа да ортақтасудан қашады. Олар өздеріне ұнайтын жұмыстан рахат алады. Адал терімен жеткен жетістіктерін отбасы құрумен алмастырғысы келмейді. Олар тұрмысқа шығу ұғымын әрең көтерілген баспалдақтан кері түсу деп түсінеді. Мұндай нәзік жандылар көбіне жалғыз (тұрмысқа шықпаған) болады. Ал кейбірі жұбайлы болса да, карьера жетегінде жүреді. Олар жан-жақты болғанды дұрыс көреді. Карьера не отбасы?.. Бүгінгі қоғамда көптеген әйел адамдарының алдында осындай дара жол тұрады. Екі жол да таңдаусыз қалып жатқан жоқ.
Еркін әйел
Еркін деген сөз жалғыз дегенді білдірмейді. Олардың жұбайы да, жұмысы да жоқ емес. Тек олар шешім қабылдағанда біреудің ойына жүгінбейді. Жұмыс жасағысы келсе, түйіндемесін еркін түрде дайындап, кірісе береді. Егер қаламаса, үйде өзінің сүйікті ісімен шұғылдана беруге де жоқ демейді. Өйткені олар бәрін "өздері біледі".
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: facebook.com