Бір күнде 7 баласынан айырылған ана тағы 4 сәбиді дүниеге әкелді

АҚШ-тың Пенсильвания штатында тұратын шаруалар отбасы 2011 жылы болған өрт кезінде жеті бірдей баласынан айырылып қалады. Алайда Круздар отбасы тағдыр тауқыметіне қасқайып қарсы тұра білді. Соңғы бес жыл ішінде бұл шаңырақта тағы 4 бала дүниеге келген, қазір ерлі-зайыптылар бесінші сәбиін күтіп отыр.

2011 жылдың наурызында Джаннель мен Тед Круздың отбасы қайғыдан қара жамылды. Үйден шыққан өрт салдарынан шаңырақтағы 8 баланың жетеуі қайтыс болған еді. Көз жұмған балалардың үлкені жетіде болса, ең кішісі небәрі 11 айлық болатын. Бұл кезде ерлі-зайыптылар ферманың жұмысымен айналысып, үйден алыстап кеткен екен. Баспананың отқа оранғанын оларға 3 жасар қызы Леа айтып келген. Сегіз баладан тірі қалғаны да сол бүлдіршін.

«Бұл, әрине, өте ауыр жағдай болды, естен кетпейді ешқашан. Алайда осылай болды екен деп, салымызды суға жібермедік, ары қарай да өмір сүру керек қой?!», − дейді көп балалы ана Джаннель Клуз. Жеті баласынан айырылса да әйел өзін 12 баланың анасымын деп есептейді екен. Сұрағандарға да солай айтады.

NY Daily News басылымының хабарлауынша, ерлі-зайыптылардың отбасында биыл тағы бір бала дүниеге келеді. Круздар отбасы өртенген үйлерін қайта жөндеп, сол шаңырақтан ешқайда көшпепті.

Дереккөз:sn.kz