Дені сау бір жастағы бала не істей алады?
- Ешкімнің көмегінсіз тұра алады.
- Үлкен адамның жетегінде өздігінен жүреді.
- Белсенді түрде еңбектейді.
- Сатымен жоғары-төмен еңбектей алады.
- Үлкен адамның көмегімен сатыдан жоғары-төмен түседі.
- Отырады, орнынан тұрады.
- Кереуетке шығады, одан еденге түседі.
- Үлкен адамның үйретуімен пирамида ойыншығын бұзып, қайта құрайды.
- Қақпағы бар ойыншық ыдыстың ішіне кішкентай заттарды салып, оны төгеді.
- Тұрмыста қолданылатын заттармен ойнайды.
- Түйме сияқты кішкентай заттарды сұқ саусағымен ұстайды.
- Дөңгелегі бар ойыншықтарды жүргізеді, допты әрі-бері лақтырады.
- Шкафтың, тартпаның есігін жауып, қайта ашады.
- Не үйренсе, соны істейді. Далапты көрсе, ерніне апарады, тарақты көрсе, шашын тарайды.
- Өз сезімін қимылымен көрсетеді. Анасы мен әкесін, ойыншықтарын құшақтап, сүйеді.
- Өзінен үлкен адамның ойнатқанын түсініп, қуанады. Жаңа ойыншықты ажыратады.
- Туысқандарын танып, көрген кезде күледі.
- Жақындарын суреттен таниды, әкесін, шешесін суреттен көрсетеді.
- Бөтен адамды жатырқайды.
- Кітап беттерін ақтарып, суреттерге көз тоқтатып қарайды.
- Музыкаға денесін қозғалтып билейді.
- Айнадағы өз бейнесіне қарап тамсанып, ойнайды, бетін түрліше тыржитады.
- Үлкен адамдар сияқты телефонды құлағына тақап, "сөйлеседі".
- Өзіне қойылған сұраққа былдырлап жауап береді.
- "Алып кел, маған бер, мына жерге қой, аш, жап" деген сөздерді түсініп, орындайды.
- "Болмайды" деген сөзді түсінеді.
- "Сау бол" дегенде қолын бұлғап, алақанын шапалақтап ойнайды, бетін қолымен ашып-жабады.
- Өз атын біледі, аты аталғанда қарайды.
- Нанды, печеньені тісімен үзіп алып, шайнап жейді.
- Бөтелкені көтеріп өздігінен ішеді.
- Қасықпен тамақ жеуге талпынады.
- Жуынарда қолын тосады, қолын бетіне апарып "жуады", өзі "сүртінеді".
- Киіндіріп жатқанда қолын ұсынып, аяғын аяқ киімге салып, өздігінен киінуге ұмтылады.
Егер бір жасқа толған бала жоғарыдағы әрекеттерді істей алмаса, еш мұңаймаңыз. Әркімнің ағзасы, дамуы әртүрлі.