Бүкіл балалық шақтың ең қиын кезі – сәби өмірінің алғашқы жылы. Өмірінің алғашқы айында сәби өмірдің мүлдем жаңа жағдайларына бейімделеді.
Алғашқы айларда бала тез өседі. Салмағы үш еседен асып, бойының ұзындығы жарты еседен асуы мүмкін. Бір жасқа дейінгі баланы күту мен асырау – аса жауапты іс. Өйткені сәби өте әлсіз, шала болады да, сырттан келген аурудан қорғана алмайды, дімкәс, аурушаң келеді.
Перзентханадан ананы шығарып алмас бұрын пәтер мен үйді мұқият тазалаған жөн. Бүкіл төсек-орынды қағып-сілкіп тазалау қажет. Мүмкіндік болса, сәбиге жеке бөлме немесе пәтердің ең жарық бір бұрышын берген дұрыс. Сәбидің өз төсегі болуы тиіс. Оны жарық жерге қойған жөн, бірақ терезеге немесе үйді жылытатын пешке (аспап) тақап қоюға болмайды.
Сәби арбасын (колясканы) төсек ретінде пайдалануға болмайды, өйткені онымен бірге көшеден шаң келеді.
Жас нәрестеге жастықтың қажеті жоқ. Сәбиге тегіс жерге жатқан қолайлы.
Сәбидің киім-кешегі мұқият жуылып, арнаулы шкаф немесе жеке үстелде тұрғаны жөн.
Бір жасқа толғанша сәбиді күн сайын шомылдырған жөн. Ал қиын болған жағдайда, алты айдан кейін күн ара шомылдыруға болады. Шомылдырғанда бөлменің жылылығы 18-20 градустан аспайтын болсын. Ал жуындыратын судың жылылығы 37 градус шамасында болғаны абзал. Сәбиді аптасына кем дегенде 2-3 рет сабынмен шомылдыру қажет. Шомылдырып болғаннан кейін баланы емізіп, ұйықтату қажет.
Сәбидің басында қайызғақ сияқты ақшыл құрғақ қабық пайда болғанда оған қайнатылған өсімдік майы жағылады. Бұл қабық шомылдырған кезде өзінен-өзі кетіп қалады.
Бала өмірге аман-сау келеді. Демек, оның бұдан былайғы дамуы қоршаған ортаға, яғни, дұрыс тамақтандырып, дұрыс күтіп-тәрбиелеуге байланысты.
Бөбек үшін ең жақсы тамақ – ананың сүті. Ананың сүтінде бойға оңай сіңетін қажетті қорек нәрселердің бәрі бар. Сонымен бірге оның құрамында баланы жұқпалы аурулардан қорғайтын, ас қорытатын ферменттер мен жұқпалы аурудың жабысуына жол бермейтін денешіктер болады. Ананың лактациялық қабілеті (сүт шығаруы) ішетін тамағына, режімге, жұмыс мөлшері мен көңіл-күйіне байланысты. Бала емізетін ананың режімді мұқият сақтап, дер кезінде ұйықтап, тамақ ішіп, бала асырап, оны қадағалай білуі қажет. Анаға тәулігіне кем дегенде 7-8 сағат ұйқы керек.
Бала емізетін әйел тәулігіне 1-1,5 литр сүт шығарады. Сондықтан ол сұйық тамақты көбірек ішеді, бірақ сұйық тамақтың жалпы көлемі 2 литрден аспауы тиіс.
Алғашқы аптада сәбидің еметін сүтінің құрамы құбылмалы келеді. Алғашқы 1-2 күнде ақуызы мен тұзы, майы мол уыз тәрізді қою сары сүт бөлінеді. Уыз – колориясы күшті тағам. Құрамы сәби ағзасының құрамына жақын болғандықтан, сәби оны тез игереді. 4-5 күннен кейін уыздың сипаты біртіндеп өзгереді. Екінші аптадан бастап емшек сүті өзінің тұрақты қалпына ие болады.
Емшек сүтінің тапшылығы, яғни, гипогалактия, сәбиді дұрыс асырауға бөгет жасайды. Сүт тапшылығы баланы дұрыс емізбеуден пайда болады. Ананың абыржуы, көңіл-күйінің бұзылуы, режімді дұрыс сақтамауы емшек бездеріндегі сүтті азайтуға әкеліп соқтырады. Мұндайда ана баланы бұрынғыша жүйелі түрде емізе берсе, сүт өнімі қалпына келеді.
Сәби емшекті нашар соратын болса не сүтті тауыса алмаса, оны сауып, сүтті қасықпен ішкізген жөн.
Сәби емшекті әбден тойғанша, яғни, орта есеппен 15-20 минут бойы емеді. Баланы тойғанша емізген жөн, бірақ 20 минуттан артық емізуге болмайды.
Алғашқы бір айда сәбиді тәулігіне 3-3,5 сағат, түнде 6-6,5 сағат сайын 6-7 рет емізген жөн. 4-5 айға дейінгі балалар тәулігіне негізінен 6 рет, 5 айдан бастап 1 жасқа дейін әрбір 4 сағат сайын 5 рет тамақтанады.
Ғ.Ахметованың "Балаларымыздың денсаулығы" кітабынан