Былтыр ғана жөнделіп, өзгертілген бөлме тағы жаңартуды қалап тұрғандай. Әрине, орнынан қозғалмаған сол кереует, сол үстел. Бөлмеге тез арада өзгеріс енгізу қажет. Бұл ретте, түрлі безендіргіш заттар, аксессуарлар сізге көмекке келе алады. Мәселен, түрлі мүсіндер, картиналар, құмыра, айна. Иә, бәрі де көзге еленбейтін ұсақ-түйектер. Бірақ талғаммен таңдалса, бұлардан артық зат жоқтай көрінеді. Не таңдасаңыз да, өзіңіз ұнататын жайлы, қолайлы зат таңдаңыз.
Жастықтар. Бөлме ішін әрлеу үшін, дизайнер мамандар көбіне, шағын жастықтар пайдаланады. Ең әуелі бөлменің жобасын сызып не елестетіп көріңіз. Еркіндік пен жайлылықты қаласаңыз, шаршы тәріздес, түрлі түсті жастықшалар қолдануға болады. Егер қонақ күтетін бөлмені әрлегіңіз келсе дөңгелек, бір түстілерін таңдаңыз. Және жастықтың матасына, безеніне және пішініне аса көңіл бөлгеніңіз жөн.
Гүлдер. Екінші әдіс - фитодизайн. Дизайнның бұл бағыты түрлі гүлдер мен өсімдіктердің үйлесімдігі. Өсімдіктердің иісі де, көрінісі де үйге әр беріп тұратыны белгілі. Сондықтан гүлдерді бөлмеге орналастырып, орнын дұрыс белгілеу керек. Бөлмедегі гүлдер сән үшін де, бөлменің ауасын тазарту үшін де қажет-ақ. Әсіресе бөлмедегі тірі гүлдер ерекше әдемі. Жасыл түстің өзі тыныш, әрі жайлы атмосфера тудырады. Және күн сәулесін қажет ететін өсімдіктерді қараңғы жерге не күннің дәл алдына қоймаңыз. Бөлме ішіндегі әсем гүлдердің кейпін астындағы құмыралары бүлдіруі мүмкін. Сондықтан құмыраны да талғаммен таңдап, таза ұстауға тырысқаныңыз абзал. Егер бөлме өсімдіктері үйіңізде көп болса, шағын бақша жасауға да болады. Фитодизайнның тағы бір түрі – экибаналар. Сізге сыйға берілген әдемі раушан гүлдерін бір күн емес, бір жылға сақтап қоя аласыз. Сақталып, кептірілген гүлді жапсырып, жинап, бөлмеңізге іліп қоюға да болады. Байқасаңыз, аспашамдар да ерекше сән береді. Бөлмеңіз жұтаңдау көрінсе, бөлмеге әдемі жаңа аспашам алыңыз. Қабырғада, жерде, үстелде тұратын шамдарды да орнатып қоюға болады.
Картиналар, панно, фото, айна, қабырға сағаттар – бөлмені безендіру үшін керекті заттар. Сізге жылы естелік болатын фотосуретті жиектемеге салып, қабырғаға іліп қойсаңыз, көңіл-күй көтеріңкі болары сөзсіз. Және жағымды энергия да үйіңізге енеді. Еденге төселген түрлі түсті кілемдер мен алашалар да жылылық пен жайлылық сылайды. Бөлменің көлеміне, орналастырылған жиһаздарға байланысты кілемнің пішінін, қабырға реңіне сәйкстендіріп, түсін таңдауға болады. Ал егер күрделі, әрі өзгеше стиль таңдасаңыз, сынған шыныларды, әдемі тастарды немесе жасанды гүлдерді төсеп, үстіне түссіз еден жайсаңыз болғаны. Тіпті үйде ілініп тұрған пердеңізді ауыстырып қойсаңыз да жаңа атмосфера туады. Оны сіздің жақындарыңыз да сезетіні сөзсіз. Сондықтан не өзгертсеңіз де, бар мейіріммен, ынтамен жасаңыз. Ықыласпен жасалған дүниенің сапалы шығары сөзсіз.