Бөлме түсін таңдаудағы қателіктер

Жұмыстан не алыс жолдан шаршап келгенде, «Өз үйім – өлең төсегім» деп келеміз. Сізді үйіңіз қалай күтіп алғынын қалайсыз? Бөлменің ішкі интерьері көңіл-күйіңізге, психологияңызға әсерін тигізбей қоймайды. Егер ашулы болсаңыз, бөлменің түсі шамыңызға тиеді немесе жайлылық сыйлайды. Сонымен, бөлменің түсін таңдауда қандай қателіктер жібермеу керек?

Жатын бөлме

Жатын бөлмені қызыл түске «бояу» − ең үлкен қателік. Бір кездері бұл сәнге айналған еді. Кейін сәннен де алынды. Себебі қызыл түс ұйықтар алдында адамға оң әсерін тигізбейді. Қызыл-сары түс те сізге ұйқы бермейді, – көңіл көтеру түсі ретінде бағаланады. Сары түс көздің демалуына кедергі келтіреді. Бұл түстер тынығу сезіміне қалқан болады.

Егер жатын бөлмені жарқын түстермен бояғыңыз келсе, ашық түсті сурет, аспа шам, сағат секілді аксессуарларды қоюға болады. 

Балалар бөлмесі 

Ал балалар бөлмесін сәндеуде мынадай қағида қалыптасқан: қыздың бөлмесі – алқызыл, ұлдың бөлмесі – көк түсті болуы. Тағы бір қателік бөлмені түрлі түске бояу. Бөлменің ішіне кемпірқосақ іліп, құдды балабақша ғимаратындай етіп қоямыз. Ақ және сұр, қара және қызыл түстердің қосындысынан аулақ болған дұрыс. 2-3 ашық түсті араластырып боясаңыз және отбасылық суреттерді жиі қойсаңыз, бала психологиясына оң әсерін берері сөзсіз. 

Асүй 

Асүйді қызыл, қара, сары, қызғылт және алтын түспен бояған сәннен кетті. Оған себеп, кезінде бұл түстер сән-салтанатты білдірді. Тамақ ішіп немесе тамақ жасап жүргенде адамға жеңіл түстер керек. Ашық жасыл, ашық көк түстер жұмыстан шаршап келген үйбикеге көңіл-күй сыйлайды. 

Артық салмақтан арыла алмай жүрген адамдар асүйді қызыл, сары, қызыл сары түске боямағаны дұрыс. Неге десеңіз, бұл түстер тәбет шақырады. Мұндай жандарға ас бөлмені жасыл, күлгін, көк түстерге бояуға кеңес береміз.

Жуынатын бөлме 

Жатын бөлмені ғана емес, жуынатын бөлмені де қызыл түске бояу қателік. Егер сіз кішкентай бөлмеде жуынатын болсаңыз, қызыл түс бұл бөлмені кішірейтіп жіберді. Одан да ақ түске бояңыз, ақ түс айнамен бірге бөлменің ішін үлкейтіп көрсетеді.