Фикус — кең таралған және гүл өсірушілердің сүйікті гүлдерінің бірі. Оның себебі әдемілігінде және күтімнің жеңілдігінде.
Фикустың түрлері
Үй жағдайында фикустың көптеген түрі өсіріледі. Олардың сыртқы түрлерінде ерекшелік бар. Үйде және кеңседе фикустың мына түрлерін жиі кездестіруге болады: сағызды (каучуконосный), Бенджамин, лира тәрізді және тырбиған фикус. Олардың сыртқы келбеттері бір-бірлеріне ұқсамағанмен, оларға күтімді бірдей жасайды.
Кез келген бөлме гүлдерін үй жағдайында өсіруде жарық, ауа ылғалдылығы, температура, суару және тыңайту маңызды рөл атқарады.
Жарық
Фикусты жарық жақсы түсетін жерге орналастыру қажет. Фикус өзін жақсы сезіну үшін ең маңызды шарт — жарықтың молдығы. Жапырақтары қою жасыл фикустар ала жапырақты фикустарға қарағанда көлеңкені жақсы көріп, күн сәулесінің тіке түсуін қаламайды. Фикустың ала жапырақты түрлерін ыстық жаз мезгілінде күннің астына қоюға болады. Қысты күндері фикустерге қосымша жарық қажет. Суық кездері фикустың жапырақтары түсе бастаса, оның басты себебі — жарық жетіспеуі. Фикустың белсенді өсу кезінде жарыққа қарай оның әр жағын кезектестіріп бұрып қою керек.
Ауа ылғалдығы
Фикус жоғары ауа ылғалдығын жақсы көреді. Бұл шарт фикус үшін міндетті емес, сондықтан оған уақытылы су шашып тұрсаңыз болды. Фикустың көпшілігі жапырағы үлкен болғандықтан, шаң жинағыш болады. Соның себебінен, ол дұрыс қоректене алмайды және әдемі көрінбейді. Сондықтан, фикустың жапырақтарын ылғал дәкемен уақытылы сүртіп тұрыңыз.
Температура
Фикус — жылуды сүйетін өсімдік. Ол үшін жайлы температура жазда 25-30 °C құраса, қыста 16-20 °C тең. Минимум температура — 10-15 °C. Фикусқа жел соқпағаны және топырағының салқындап кетпегені жөн. Оны суық еденге қоймаңыз.
Суару
Дұрыс суару — фикусты күтудегі маңызды шарттардың бірі. Жазда фикусты молырақ, ал қыста орташа суару қажет. Фикустың топырағы суару арасында құрғауы керек, бірақ оның толықтай кеуіп кетпеуін қадағалаңыз.
Тыңайту
Фикусты белсенді өсу кезінде, яғни наурыз айынан қыркүйек айына дейін тыңайту керек. Оны екі аптада бір рет тыңайтыңыз. Тыңайтқыштың құрамында жасыл массаның өсуіне жағдай жасайтын азот құрауышы бар түрін алыңыз.
Көбейту
Фикус сабақ арқылы жеңіл көбейе алады. Тамырландыру үшін кішігірім тармақты алыңыз немесе бір жапырағы бар кіші сабақ бола береді. Содан соң оны суы бар ыдысқа салыңыз. Тамыры шыққан соң, ыдысқа отырғызуға болады.