Бөлме гүлдерінің күтімі: Азалия

Бөлме гүлдерінің күтімі: Азалия
Фото: create.vista.com

Азалия өзінің әдемі гүлдерінің арқасында кең таралған бөлме өсімдіктерінің қатарына жатады. Бірақ, өкінішке орай, көп жағдайда ол тез өліп қалады. Себебі бөлме азалиясы – аса күтімді қажет ететін гүл. Азалия өсімдігі сізді әдемі гүлдерімен қуантып тұруы үшін оған қолайлы шарттар жасауыңыз қажет.

Бұл бөлме өсімдігі мәңгі жасыл және бұтақты гүлденетін өсімдікке жатады. Оның туған жері – Жапония мен Қытай, бірақ оны Еуропаның оңтүстігі мен Солтүстік Америкадан да кездестіруге болады. Бөлме азалиясы таураушан (рододендрон) тұқымдастығына жатады. Рододендрон сөзі грек тілінен аударғанда "раушан ағашы" дегенді білдіреді. Ал "аzalea" ежелгі грек тілінен "құрғақ" деп аударылады. Ол оның сыртқы келбетіне қарай қойылған. Себебі ол құрғақ кішкентай бұта секілді болып келеді.

Бөлме азалиясының ашық алқызыл, ақ, қанық қызыл, күлгін, ақшыл көк және екі түсті гүлдері бар түрлері болады. Оның гүлдері түкті немсе тегіс болуы мүмкін. Ал оның жапырақтары ұсақтау және қою жасыл түсті болып келеді.

Жарық
Бірінші кезекте, бұл гүлді қоятын дұрыс орын таңдау керек. Ол жарықты жақсы көретін өсімдікке жатады, бірақ оны күннің көзі тіке түсетін жерге қоюға болмайды. Жарық шашыраңқы түсетін немесе жартылай көлеңке жер болғаны жөн.

Температура
Бұл өсімдік жарық сүйгіш гүлге жатады. Ол үшін 12-18°C – қолайлы температура. Егер салқын ауа райында азалия ашық терезенің алдында қалып қойса, ол бірден өліп қалады. Жазда азалияны ыстықтан сақтау қиындау болады. Сондықтан оны балконға шығару керек немесе кондиционер көмегімен бөлме температурасын 20°C-тан асырмауға тырысу қажет.

Бөлме гүлдерінің күтімі: Драцена

Ылғал
Ол ылғал ортаны жақсы көреді, сондықтан оған жиі су шашып тұру керек. Бірақ ол гүлдеген кезде суды абайлап шашыңыз. Себебі нәзік гүлдер қарайып кетуі мүмкін. Гүлдеген кезде оған су шашпай-ақ, айналасына суы бар ыдыстар қоюға да болады.

Суару
Азалияны, әсіресе, гүлдеген кезінде жақсылап суару керек. Оның топырағы қатты кеуіп кетпеуі тиіс: азалия ылғал топырақты жақсы көреді. Бірақ өте көп суарып жіберуге де болмайды. Сондықтан суды азалияның құмырасына емес, астындағы ыдысқа құю ұсынылады. Сол кезде ол өзіне керегін алады да, қалған су ыдыста тұрады. Сол суды төгіп тастау керек, әйтпесе тамыры шіри бастайды. Егер суаруға кранның суын қолдансаңыз, оны алдымен қез келген аузы ашық ыдысқа құйып, бірнеше күнге қалдыру керек. Сол кезде оның құрамындағы хлор шығады. Сондай-ақ қайнап, суыған суды қолдануға болады. Гүл баптаушылар азалияны айына екі рет бірнеше лимон суы тамызылған сумен суаруға кеңес береді: одан азалия гүлдері жақсы ашылады.

Тыңайту
Бұл өсімдікті минералды тыңайтқыштармен құнарландыру керек. Бірақ оның құрамында хлор болмауы тиіс. Ең дұрысы, арнайы дүкендерден азалияға арналған дайын тыңайтқыш сатып алған жөн. Оны көктемде және жазда аптасына бір рет, ал қыста айына бір рет қана пайдалану жеткілікті.

А. Жапатова