Герань гүлінің ғылыми атауы – пеларгония. Бұл гректің «ләйлек, тырна» деген сөзінен шыққан. Оны қазақтар пішініне қарап қазтабан деп атайды. Ал шетелдіктердің пеларгония деуі құстың ұзын тұмсығына қатысты қойылған атау екен. Бірнеше онжылдықтар бұрын герань гүлінің атағы жер жаратын еді. Оны ақсүйектердің үйінен де, қарапайым халықтың терезесінің алдынан да кездестіруге болады. Ол бүгінге дейін беделін жоғалтқан жоқ, көп сұранысқа ие. Гүл өсіру ісіне жаңадан қызығушылық танытып келе жатқан жандар осы гүлді өсіруден бастап тәжірибе жинауына болады. Себебі аса ерекше күтімді қажет етпейді. Бақшада да, бөлмеде де өсірілетін гүлдің майын емдік мақсатта қолданады.
Герань гүлі жаз мезгілінде +20-25 градуста өзін өте жақсы сезінеді. Ал қыста бөлме температурасы +10-14 градустан төмен болмағаны жөн. Жел тимейтін жерде жақсы өседі. Күннің көзін, суды жақсы көреді. Оған жарық жетіспесе жапырағы мен гүлдері майдаланып кетеді.
Гүл ылғалдылықты жақсы көретіндіктен жиі әрі уақытылы суарып тұрған жөн. Су құйған кезде су горшокте қалып қоймауын және жапыраққа тимеуін қадағалаңыз, бұл маңызды. Шектен тыс ылғалдық та кері әсер етеді. Құбырдан алған су болсын, тіпті қар, жаңбыр суы болсын – талғамай іше береді. Қысқа қарай суаруды екі есе қысқартуға болады, бұл кезде өсімдік тыншиды.
Герань жиі тыңайтуды қажет етпейді. Тек горшогі кішілік еткен жағдайда ғана басқасына отырғызуға болады. Ол үлкен горшокті ұнатпайды, тығыз жерде жақсы гүлдейді. Ең тиімді өлшемі: биіктігі – 12 см, диаметрі – 12-15 см. Қалыпты минералды тыңайтқыштарды қанағат тұтады, гераньге арналған тыңайтқыш қолдансаңыз да болады. Оны наурыздан қыркүйекке дейінгі аралықта айына бір рет құйып тұрсаңыз жарайды.
Герань жапырақтары жиі сарғаяды. Одан шошып, гүлді өліп не ауырып қалдыға балаудың қажеті жоқ. Өсімдік үшін бұл қалыпты жағдай. Сарғайған қажетсіз жапырақтар өзі-ақ түсіп қалады.