Бөлме гүлдері туралы біле жүріңіз

Пәтерде гүл өсіру көптеген қыздың сүйікті ісі. Өйткені гүлдер үйге әдемілік пен жайлылық сыйлайды. Олардың бірнеше түрі бар. Бүгін біз сіздерге бөлмеде өсірілетін гүлдер туралы айтып өтпекпіз.

Наурызгүл

Наурызгүл - генерия тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік. Отаны - Қытай. Бүгінде бұл гүлдің 500-ге жуық түрі бар. Жапырағы ірі (5-13 см), пішіні жүрек тәрізді, жасыл түсті болып келеді. Гүлі: ақ, қызыл, сары, күлгін, көк т.б.

Қураған жапырағы болса, бірден қырқып, реттеп отыру керек. Аталмыш гүлдің жапырағының астында тат пайда болса, 2 аптада бір рет интекцидпен дәрілеу керек. Өсімдік жапырағының үстіне ақ түсті зақым пайда болса, ауру жойылғанға дейін 2 аптада бір рет бактерицидпен дәрілеген дұрыс. 

Өсімдіктің топырағы ылғалдылықты қажет етеді, сондықтан жазда жиі, қыста бірқалыпты суарған дұрыс. Жапырағын шаңнан тазартып, жиі ылғалдылық жасау үшін су бүркіп тұрған дұрыс. 

Шектен тыс қоректендірсе, жапырағының түсі қоңырланып, өңі өзгере бастауы мүмкін. Мұндай жағдайда дақ жойылғанға дейін қоректендіруді тоқтатып, күн сайын жапырағын таза шүберекпен сүртіп отырған жөн.

Катарантус

Катарантус грек тілінен аударғанда "catharos - таза, анық" және "anthos - гүл" дегенді білдіреді. Мадагаскар, Үндістан, Үндіқытай, Филиппия және Куба елдерінен тараған. Катарантустың табиғатта бір ғана күлгін түстісі кездеседі. Ал көгалдандыруда сұрыпталып алынған ақ, қызыл, ашық күлгін, күлгін түсті түрлері қолданылады.

Бойының биіктігі 60-70 см-ге жетеді. Жапырағының диаметрі 7 см, қанық жасыл түсті болады. Ал, гүлінің диаметрі - 3 см. Көктемнің соңынан бастап, күз айының аяғына дейін гүлдеп тұрады. Катарантус бұрындары бөлмелерге қолданылып келсе, кейінгі жылдары ауладағы түрлі композицияларды безендіріп, біржылдық гүл ретінде пайдаланылады. 

Мадагаскар мен Үндістанда катарантусты емдік мақсатта пайдаланған. Бүгінгі таңда да медицинада қолданылады. Катарантустан диабетке, қан қысымның түсіп кетпеуі үшін жөтелге қарсы дәрі-дәрмектер жасалынады. Ең алғаш Америка мен Канада арасындағы екінші дүниежүзілік соғыста әскерлердің жөтел ауруларына, қан қысымының төмендемеуіне қарсы қолданғаннан кейін белгілі бола бастады.

Піл құлағы

Піл құлағы гүлінің әдемілігі - жалпақ жапырағында. Жапырағының көлемді болуына байланысты гүл "піл құлағы" деп аталады. Сонымен қатар жаңбыр жауар алдында піл құлағының жапырағынан тамшы тамады. Осы қасиетіне орай гүлді "жылауық", "ауа-райын болжағыш" деп те атайды. 

Жаздың ыстық күндерінде аптасына екі рет суарған жөн. Қыста суаруды сирету керек. Гүлдің жапырағын көктем және жазда тыңайту қажет. 

Өсімдік алакөлеңкені ұнатады. Қыста +15 градус жылылықтан төмен түспеу керек. Гүлді түбін бөлу арқылы көбейтуге болады.

Ғалымдар өсімдікті ғылыми тұрғыдан зерттеу барысында гүлдің жөтел, мастопатия, ревматизм, денедегі түрлі жараға сондай-ақ, аллергия қабыну мен ісікке және асқазан ауруларына қарсы ем екендігін дәлелдеген.

Гүл бөлмеге жағымды энергия бөліп, адамды мазасыздықтан арылтады. Өсімдік өте сезімтал, адамға жайлылық сыйлап, сабырлыққа шақыратын қасиетке ие. 

Бөрібұршақ

Бөрібұршақ гүлі (Lupinus) - гүлі де, жапырағы да әдемі ерекше өсімдік. 300-ге тарта түрі бар. Биіктігі - 1 метрге дейін жетеді. Өсімдік мамыр-маусым айларының аралығында гүлдейді. Гүлі шырақ тәрізді болып келеді. 

Бөрібұршақ гүлінің көгілдір түсті сұрыпын алғаш өсіріп, 1906 жылы қолданысқа енгізген нидерландық гүлпаздар болатын. Солтүстік Америкада бөрібұршақтың бұталы түрлері де өседі. Қазақстанның көгалдандыруында өсімдіктің шөптесін, суыққа төзімді, ақ, қызғылт, көк және аралас түсті түрлері қолданылады. Ол күнді жақсы көреді. Алакөлеңке жерде өссе, гүлдеу мерзімі ұзақтау болады. 

Бөрібұршақ гүлдегенде жапырағы мен сабағының өсу процесі тоқтап қалады. Сондықтан, алғашқы жылы өсімдіктің гүлсидамын кесіп тастау керек. Нәтижесінде, келер жылы гүлі мол, тамыр-сабағы мықты болады. Ол жиі орын ауыстырып, қайта отырғызу жұмысына шыдамсыз келеді. Бір ескерте кететін жайт, бөрібұршақ гүлі улы, әсіресе тұқымы. Сол себепті өсімдіктің тұқымын жинаған кезде арнайы қолғап киген жөн.

Сурет: infoglaz.ru, ourflo.ru, rosesdelivereduk.com, dic.academic.ru, liveinternet.ru, cveti-sadi.ru