- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Болашақ жұбайыңыздың қандай...
Болашақ жұбайыңыздың қандай болғанын қалайсыз?
Егер осы сұрақты қыздар қауымына қояр болсақ, олардан: «Жұбайымның сұңғақ бойлы, келбетті, мәдениетті, ақылды, дарынды, білімді, бай әрі болашағы зор азамат болғанын қалаймын» деген жауап алар едік. Ал осы сөзді айтып отырған бойжеткен әлгінде айтқандай тамаша қасиеттерге ие азаматқа лайық па? Әлгіндегі өзі айтқан тамаша қасиеттерінің өтеуіне не ұсына алады? Оның өз басы қандай? Осы жағын ұмытып кететініміз бар...
Егер сіз жақсы жарға қол жеткізгіңіз келсе, өз бойыңызда да оны еліктіретін қасиеттер болуы керек. «Мені ұнатасыз ба, жоқ па оны өзіңіз біліңіз. Бар болмысым осы» десеңіз, қателесесіз. Армандаған асыл жан өзінен-өзі келіп, саған жар болам демейді. Демек, жақсы жігітті жар етуді армандайтын бойжеткен оны өзі де жақсы қасиеттерімен үйіре білуі керек.
Өзіңіз ұнатқан жанды сөзге тартудың жақсы әдісі – үндемеу. Бұл ұялшақтық емес, ол – пайымдылық. Өйткені, алдымен сөзге құлақ қойып тыңдай алатын, содан кейін ғана өз ойын білдіретін адамның ұтары көп. Мұндайда, ол өз сөзінің өзгеге қалай әсер ететінін дәл сезініп отырмақ.
Өз тарапыңыздан әрекет жасасаңыз ғана армандаған адамыңызға қол жеткізе аласыз. Аспандағы айға қолыңызды қанша созсаңыз да жетпейтіні сияқты, өзіңізде күш-жігер болмаса, арман еткен асыл жан есікті ашып, кіріп келмейді. Мүмкін сіз өміріңізге өзгеріс әкелер ғажайып күн туады деп күтіп жүрген боларсыз. Сіздің ойыңызша, сол күні ғайыптан тайып өмір бойы арман еткен адамыңызға кез боласыз және соған тұрмысқа шығасыз. Сондықтан, әр бойжеткен сол бақытты сәтті төзімділікпен қол қусырып күтуі керек деген құр қиялдан арылыңыз. Ешбір жігіт есігіңізді қағып: «Осы арада бір жақсы қыз тұрады деп естіп ем, сол қызға үйленгелі келдім» демейді.
Махаббат кездейсоқтықтың қанжығасына бөктеуге қимайтындай асылың. Егер бұл өмірдегі өзіңізге тиесілі сыбағаға иелік еткіңіз келсе, еңбек етіңіз.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: voxpopuli.kz
M. Auelkhan