Қыздардың көпшілігі жігітінің қателігін кешіріп, оған лайықсыз болса да, көп жағдайда екінші мүмкіндік береді. Ақталмаған үміт пен бұлыңғыр сенімнің соңы ажырасуға әкеп соғады. Уақыт пен жүйкені бекерге құртпай, бірден нақты шешім қабылдап, өз теңіңізді таңдаған жөн.
Ең алдымен болашағы жоқ байланыстың тамырына балта шабуды үйреніңіз. Сізге лайықсыз жігіт қамқорлық танытты екен деп, жылы жауап қайтарар болсаңыз, бар болғаны оның мазағына айналасыз.
Келіншегі не жүретін қызы бар жігіт сізге өзгеше көңілмен қарап, ерекше қамқор болып жүргенін байқасаңыз, бірден салқын қабақ танытқан абзал. Әдетте мұндай жігіттер сырт келбетке қызығады. Ал ондай қызығушылық ғұмыры ұзақ болмасы хақ.
Үйленген жігітпен бірді-екілі әңгіме жарастырғаннан кейін, оны ойлап, сағынып, ұзақ кеште сергелдеңге салына күтесіз. Сондағы күткеніңіз тығылып-қашып айына 3-4 рет кездесесіз. Бұл не үшін керек? Жігіттің табандылығы ма сізді ұстап тұрған? Келіншегімен қашан ажырасады деген ойдың тұңғиығына батып кетпесіңізге кім кепіл? Ал балаларының көз жасын ойладыңыз ба? Ажыраспаған жағдайда бір күні ұрлықтың келте құйрығы қиылып, кінә ашылады. Жай ұрыс-керіспен аяқталатын оқиға болса да, ұядай ұйытқыған отбасының шырқын бұзып, берекесін кетіресіз.
Психологтар санасыз ғашықтықты адамның өзі өзіне сенімі төмендігі деп есептейді. Өзін шынайы махаббатқа лайықсыз санап, «жалған сезімнің» құрбанына айналады. Некелі ерге ғашық болған адам бойына сенімділік ұялатқаны абзал. Шаш түсін өзгертіп, гардеробын жаңартып, ағылшын курсына жазылып, өз өмірін өзі қолға алса, мұндай ессіздікке бармайды. басын биік, кеудесін тік көтеріп жүре алатын жағдайға жетеді.
Желікпе аурудың себебі – ата-анадан, үлкендерден көрген үлгі болуы да әбден мүмкін. Көрмесеңіз де, қан арқылы берілген тексіздік болуы ғажап емес. Әкеге қарап – ұл, шешеге қарап – қыз өседі. Ертең балаларыңыздың мұндай сырқатқа шалдығуын қаламасаңыз, тәрбиесі сәл де болса алаңдататын болса, мұндай жүрісті дереу тоқтатқан абзал.
Басы бос емес жігіт үйлесімділік орната білгені арқылы сізді баурап алады. Ол тек сізді ғана ұнатып, басқаға көңіл аудармайды деп ойлайсыз. Бұл өзін шектен тыс жақсы көретін арулардың ақымақ пікірі. Оның кейін зиянды істерден де арылып, жақсы жұмыс табатына да күмән келтірмейсіз. Себебі қазір оның тек жақсы жақтарын көресіз. Уақыт өте келе өз ыңғайыма қарай икемдеп, тәрбиелеп аламын деген үміт те жылт етеді. Ересек адамды қайта тәрбиелеу мүмкін емес. Өзінің жылы ұясы бола тұра, сыртқа алаңдаған адамнан ары қарай қандай жақсылық күтесіз? «Мен басқалары сияқты емеспін» деп өз өзіңізді алдауды доғарыңыз.
Қандай себеп болмасын, соңы жақсылыққа апармайтыны айдан анық. Біреуді ұнатар алдында «болады», «болмайды» деген пікірлермен санасып, жүректің дегеніне көне бермей, ақылдың айтқанына да құлақ асып қойған абзал.