- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Бас бармақты тый,...
Бас бармақты тый, балақай!
Кішкентай балалардың барлығында біз білетін ортақ бір әдет бар. Ол – бас бармақты сору. Осы бір нашар әдетті өзіңіз де қайталадыңыз, балаларыңыз да арыла алмай келеді. Сонымен қатар, қазақта осындайда айтылатын "ауру қалса да әдет қалмайды" деген аталы сөз бар. Ендеше, жағымсыз әдеттен дер кезінде құтылғыңыз келсе психолог мамандардың кеңесіне құлақ түріңіз.
Балалар психологтары баланың не үшін саусағын соратындығын былай түсіндіреді: "Бала үшін бұл үрдіс өте жағымды және тыныштандырады. Сәби бұл әдетті ана құрсағында жатқанда-ақ тәжірибеден өткізіп көреді де, туғаннан кейін де арыла алмайды.
Олар шаршағанда, қиналғанда, қорыққанда және зеріккенде бас бармақты аузына қарай апарады. Және осындай әдісті түнге қарай, ұйықтар алдында, түн ортасында оянғанда қолдана береді.
Қорқудың еш қажеті жоқ. Бала нағыз тістері шыққанша саусақты тістеп тастай алмайды. Бұл жөнінен алты жасқа дейін қауіп жоқ.
Бала 4 жасқа дейін осы әдетінен арылмаса нағыз алаңдайтын кез туды дей беріңіз. Бала бұл жасында ондай әдеттен өздігінен арыла алатындай жағдайға жетеді. Сіз күткен қуанышты оқиға орын алмаса арнайы шаралар жасауға кірісіңіз:
– қылығы үшін сәбиге ұрыспаңыз және жазаламаңыз. Мұндай жағдайда олар қолын аузына одан да қатты тықпалай беретінді шығарады.
– баланың назарын басқа жаққа аударыңыз, оған көңіл бөліңіз. Әдетте ана мен әкенің құшағы бәрінен де жақсы әсер беріп жатады.
– бөбектің қандай жағдайда жиі саусағын аузына апаратындығын байқап көріңіз. Бәлкім, қажеттілігін өтеу арқылы әдетін жоярсыз (мәселен, бала уақытылы тамақтанбағанда бас бармақты соруы мүмкін).
– егер, бала керісінше, зеріккен кезде бармақ соратын болса, бірден жаңа ойындар, жаңа әдістер тауып, назарын басқа жаққа аудару керек.