- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Балаңызға алғашқы көмек...
Балаңызға алғашқы көмек көрсетуге дайын болыңыз
Ата-ана үшін сәбиінің саулығынан асқан бақыт жоқ. Бөбегінің көз алдында ер жеткенін көріп, әр қадамынан қуанышты сезіну үшін оның күтімі де дұрыс болуы керек. Аяқасты болатын қауіп-қатерде де әр ата-ана сауатты болып, алғашқы көмекті дұрыс көрсете алуы тиіс. Бұл сәби өмірі үшін маңызды.
Мысалы, абайсызда сәбиіңіз есінен танып қалса, алдымен жедел-жәрдем шақырып, ол келгенше жасанды тыныс алуға көмектесіңіз.
1. Нәрестені қатты жерге шалқасынан жатқызыңыз. Аузынан бөгде нәрсені алып тастаңыз. Иегін саусақпен көтеріп, жайлап басын шалқаңыз. Бұл тыныс жолының ашылуына мүмкіндік береді.
2. Бір жасқа дейінгі балалардың көкірек тұсын қос қолдың бас бармағымен 15 рет басасыз.
3. Ерініңізбен баланың аузын қапсырып алыңыз. Оның өкпесіне кеуде торшасы көтерілгенше ауа үрлеңіз. Ауаны толық кеудемен үрлемеңіз, баланың өкпесі жыртылып кетуі мүмкін. Ауызбен мұрнына үрлеңіз.
4. Ерніңізді алыңыз, кеуде торшасы басылып, төмен түссін. Егер нәрестенің кеуде торшасы көтерілмесе, тағы да аузын тексеріңіз, басқа бөгде зат жоқ екеніне көз жеткізіңіз.
5. Жедел жәрдем жеткенше осы жасанды тыныс алғызуды жалғастыра беріңіз. Әр минут сайын тамыр соғысын тексеріп отырыңыз.
Сонымен қатар, өте жиі кездесетін жағдай балалардың ұсақ заттарды жұтып қоюы. Мұндай сәтте баланың басын төмен қаратып, бір қолыңызбен иығынан ұстап, екінші қолмен жауырын тұсынан (арқасынан) 5 рет соғу керек. Одан соң ауыз қуысын тексеру керек. Егер бөгде зат әлі де шықпаса баланы шалқасынан жатқызып, екі саусақпен көкірек тұсынан ұрып көмек, көрсету түрін қайталаймыз. Жұтып қойған зат байқалса алып тастаймыз.
Сәбиі қауіпке душар болған ата-ана не істерін білмей жағдайды ушықтырып жатады. Бұл орайда сәл сабыр сақтап, дұрыс көмек көрсете алуы маңызды. Қоршаған ортамен танысуға құмар сәбиге бәрі қызық. Қауіпті екенін түсінбеген соң, ұстап көруге ұмтылады. Ал сіз абай болыңыз!
Дереккөз: anabol.kz
Н. Үсенова