- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Балаңыздың киімінде жарық...
Балаңыздың киімінде жарық шағылыстырғыш элемент бар ма?
Қараңғы уақыт ересектер үшін де, балалар үшін де қауіпті кез болып саналады. Қыстың жақындауымен қараңғы ерте түседі. Жарықтың жетіспеуі мен көрінбейтін жаяу жүргінші жиі жол-көлік оқиғаларының себебі болып жатады.
Қараңғыда көлік жүргізушісі жолға жүгіріп шыққан адамды байқамай қалуы мүмкін. Сондықтан, алыстан көрінетін және жүргізушінің назарына бірден түсетін киімге арналған жарық шағылыстырғыш элементтер болады. Мұндай элементтер алыстан және кез келген ауа райында (қар, жауын, тұман) көрінеді.
Ересектерге арналған жарық шағылыстырғыш элементтері бар киімдер арнайы дүкендерде ғана сатылады және бағасы қымбат тұрады. Оларды күнде киіп жүру де ыңғайсыз. Ал балалар киіміне келсек, өндірушілер сыртқы киімге, күрткеге, жылы шалбарға жарық шағылыстырғыш элементтерді көп жағдайда қолданады. Егер балаңыздың сыртқы киімінде (велосипед, самокат) мұндай элемент болмаса, оны өзіңіз жабыстыруыңызға болады.
Фликер-белгіше
Ол киімге түйреуішпен бекітілетін қарапайым белгіше. Жарық шағылыстырғыш элементтің бұл түрі – кеңінен тараған және балалар мен жасөспірімнің сүйікті деталі.
Жапсырма
Жапсырмаларды кішкентай балалар жақсы көреді. Олар қызықты, әдемі және оңай қолданылады. Қолдану үшін қорғаныш қабығын алып, қалаған жерге жабыстыра саласыз. Олар түрлі суретпен болады және қаптамада бірнеше түйірмен сатылады. Себебі олар тез құртылып, жарқырайтын қасиетін жоғалтады, сондықтан ауыстырып тұру керек. Жапсырманы киімге немесе рюкзакқа жабыстыруға болады.
Терможапсырма
Ол көшірме сурет секілді, бірақ сумен емес, үтіктің көмегімен жабыстырылады. Терможапсырманы киімге қойып, үтікпен басып шығасыз. Жарық шағылыстырғыш элементтің мұндай түрі ұзаққа дейін жарамды болып келеді.
Әрине, баланың көшедегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін киімге жарық шағылыстырғыш элементті жабыстырып қою жеткіліксіз. Ата-ана балаға өзін жолда қалай ұстау керектігін және жол жүру ережесін міндетті түрде үйретіп, өзі де сол ережелерді сақтанып, үлгі бола білуі керек. Сол кезде бала жол жүру ережесін сақтаудың маңыздылығын түсінеді.
А. Жапатова