Солақайлардың әрекеті мен ойлауы басқаларға ерекше болып көрінеді. Себебі солақайлардың миы тапсырманы орындау үшін ерекше стратегияларды қолданады. Балаңыз солақай болса, оны жақсырақ түсінуге көмектесетін бірнеше пайдалы кеңес ұсынамыз.
Олар жер шарындағы халықтың шамамен 15%-ын ғана құрайды, ал әлемдегі барлық дүниелерді көпшілік адамға, яғни, оңқайларға бейімделе жасаған. Сондықтан кішкентай солақайға сіздің қолдауыңыз бен көмегіңіз қажет. Солақайды тәрбиелеудің өз ерекшелігі бар. Төмендегі ұсыныстарды пайдалану арқылы кішкентай солақайдың өмірін жеңіл әрі қарапайым етесіз.
1. Қайсысы оң және сол қол екенін есіне түсіріңіз
Солақай бала қай қолы – оң, ал қай қолы – сол екенін нашар түсінеді. Сондықтан балаға ашық түсті білезік (сағат) алып беріңіз немесе балаңызбен бірге оған арналған әшекей жасаңыз. Сол затты оның сол қолына тағып, білезік тұрған қолдың сол қол екенін айтыңыз. Сол кезде бала қажет кезде оң мен солға жылдам бағыттала алады.
2. Баланың солақай екеніне аса мән бермеңіз
Егер үнемі назарыңызды баланың солақай екеніне аударсаңыз, бала өзін құрдастарының арасында "бөтен" сезінеді. Ата-ана балаға барынша білдіртпей көмектесуі керек. Мысалы, мұғаліммен жеке сөйлесіп, көршісінің оң қолы кедергі болмас үшін оны партаның сол жағына отырғызуды өтіну.
3. Екі қолын да қолдануды үйретіңіз
Солақай баланы кішкентай кезінен бастап екі қолын да қолдануды үйретуге болады. Бұл басым рөлді атқаратын сол қолының әрекетін азайту керек деген сөз емес. Жалпы екінші қолымен әрдайым көмектесу керегін түсіндіріп үйретіңіз.
4. Кішкентай солақайды асықтырмаңыз
Солақай балалар жиі баяу болып келеді. Оны асықтырудың және оған айқайлаудың пайдасы жоқ. Одан солақай бала шапшаң болып кетпейді. Ол оның орнына күйгелектеніп, дүрліге бастайды. Нәтижесінде, бала жасап отқан нәрсесін аяқтай да алмайды.
5. Сабағын қайталатыңыз және қорытынды жасатыңыз
Мамандар солақайларға алған білімін жүйелендіру керегін дәлелдеді. Яғни, егер оңқай бала кей заттарды жіберіп алса да, жалпы сабақ тақырыбын түсіне алса, солақайлар үшін ол мүмкін емес. Әр жаңа материал қайталау және қорытындылау арқылы кезеңмен сіңірілуі керек.
6. Жұмыс үстелін солақайға бейімдеп ұйымдастырыңыз
Жарық оң жақтан түсіп, кітаптар оң жақта тұруы керек.
7. Баланы сызба және ереже бойынша оқытыңыз
Солақай балаға анализ жасау қиынға түседі. Сондықтан оқу барысында қарапайым әрі түсінікті сызбаларды қолданыңыз.
8. Мектепте өткен сабағын үйде қайталаңыз
Оқушы көп сыныпта әр баламен жеке дайындалуға уақыт жоқ. Сондықтан ата-ана баламен бірге өткен сабақтың біраз бөлігін үйде қайтадан қайталауға дайын болуы керек.
9. Жазуға аса мән беріңіз
Солақай балаға әрқашан жазу қиынға соғады. Солақай оқушы жолды аяқтамай қоюы мүмкін және айна жазумен жаузы мүмкін. Оқу кезінде солақай бала сөйлемнің ортасынан бастауы мүмкін. Сондықтан баланы солдан-оңға қарай оқуды және жазуды үйретіп, соны әдетке айналдыруын қадағалау керек.
10. Оқу кезінде бетбелгі қолданыңыз
Оқу кезінде немесе кітаппен жұмыс істеу кезінде бетбелгі немесе сызғыш қолданған жөн. Себебі солақай балаға мәтіндегі жолдарды бақылап отыру қиын, ол жолдарын шатастырып, жоғалтып алып, басқа сөйлемге көшіп кетуі мүмкін.
Солақайлардың ерекшелігі – басқалардан өзгеше ойлауы. Сондықтан солақайлардың көпшілігі данышпан немесе шығармашыл адам болып келеді деп саналады. Мысалы, сіз бен біз білетін атақты солақайлардың қатарына Юлий Цезарь, Александр Македонский, Жанна д׳Арк, Наполеон, Уинстон Черчилль, Микеланджело, Леонардо да Винчи, Рафаэль, Марк Твен, Чарли Чаплин, Пол Маккартни және Ринго Старр, Мэрлин Монро, Роберт де Ниро, Джим Кэрри, Том Круз, Анжелина Джоли, Николь Кидман, Сильвестер Сталоне, Брюс Уиллис, ағылшын королевасы Елизавета, Бетховен, Грета Гарбо, Джордж Буш сынды танымал тұлғалар кіреді. Сондықтан солақай балаңызды оңқай етемін деп қинамай, керісінше, оның ерекшелігін қабылдап, оған сенім артыңыз.