- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Балаңыз майтабан болмасын...
Балаңыз майтабан болмасын десеңіз...
Жалпы майтабан болғанда тұрған ештеңе жоқ. Алайда табан бүкіл ағза сүйенетін тірек болып табылады. Егер жүру кезінде дұрыс амортизация болмаса, тізе мен жамбас буындарына артық күш түседі, сәйкесінше, омыртқа қиналады. Сол үшін де балалардағы майтабанның алдын алу маңызды.
Ортопед маманына қашан бару керек? Баланы ортопедке алғаш рет 1 айлық кезінде апару керек. Ол туа біткен деформация мен қаңқа ауруының бар-жоғын анықтауға көмектеседі. Содан кейін 3 және 6 айда апарған дұрыс. Бұл кезде рахитті анықтауға болады. Балаға 1 жасқа толғанда да міндетті түрде маманға қарату керек. Бұл кезде бала белсенді түрде өздігінен қозғалады, сондықтан омыртқа мен буындар қозғалысы дұрыс қалыптасып жатқанына көз жеткізу болады. Ал одан кейін қажеттілігіне қарай дәрігерге жылына бір немесе екі рет қаралу керек болады.
2-3 жастағы балалардағы майтабанның алдын алу үшін мына 3 ережені сақтаңыз:
1. Аяқ киімді дұрыс таңдаңыз
- Аяқ киімде жұмсақ супинатордың (биік ұлтарақ), қатты сірі және кішкентай өкшесі (1-1,5 см) болуына мән беріңіз;
- Сенімді бекіткіш түймелігі болуы керек. Ол бау немесе жабыстырғыш болуы мүмкін, бастысы — оның табанды сенімді және жұмсақ ұстап тұруы;
- Жүру кезінде бұлшықеттер жұмысын ештеңе шектемес үшін оның табаны жұмсақ және иілгіш болуы керек;
- Қатты және табиғи емес материалдардан тігілген аяқ киімдерден аулақ болыңыз;
- Башпайлар еркін жатуы үшін аяқ киімнің басы дөңгелек болуы керек.
2. Баланы жалаң аяқ жүргізіңіз
Шөптің, ыстық жердің және құмның үстімен жалаң аяқ жүру бала табанының қалыптасуы мен дамуына өте пайдалы. Сондай-ақ ол баланың өзіне де қызық болады.
3. Дене шынықтырумен айналысыңыз
Майтабанның алды алуға арналған жаттығуларды көңілді ойынға айналдыруға болады. Мысалы, баламен бірге аяқтың ұшымен, өкшемен және табанның сыртқы қырларымен жүріңіз. Егер үйде гимнастикалық таяқша болса, балаға оны аяқпен аунату пайдалы. Тағы бір қызықты және пайдалы жаттығу — жердегі ұсақ заттарды башпайлармен жинау.
А. Жапатова