Балаңыз дайын тамақтан пиязды немесе сәбізді теріп алып тастай ма? Балалардың көпшілігі көкөністердің орнына фриді таңдайтыны өтірік емес. Өсіп келе жатқан бала ағзасына қажетті көкөністерді оның рационына қалай қосуға болады?
Егер денсаулықтың әмбебап рецептісі бар болса, ол мынадай болар еді: көбірек көкөністер жеңіз. Соңғы ғылыми мәліметтер бойынша, рационда өсімдіктен жасалған тамақтың жеткілікті болуы адамның өмір сүру ұзақтығын арттырады, кей қатерлі ісік түрлерінің және жүрек-қан тамырлар ауруларының даму қаупін азайтады, 2-ші типті диабеттен, семіздіктен және депрессиядан қорғайды. Біздер, ересектер көкөністердің денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін түсінеміз. Ал көкөністі көргенде мұрнын шүйіретін балаларды оны жеуге қалай көндіруге болады? Ендеше, төмендегі лайфхактарды қолданып көріңіз.
1. Көкөністерді көрінетін жерге қойыңыз
Ас үйдегі үстелдің үстіне тамағы бар тәрелке қалдырсаңыз, біраздан соң ондағы тамақтың таусылып қалатынын байқаған боларсыз. Мысалы, жаңғақтар немесе печенье салынған тәрелке дастарханның үстінде қалып кетсе, бір кезде тәрелкенің бос тұрғанын көресіз. Бір қызығы, бұл әдіс кез келген тамақпен іске асады. Сондықтан жуылып, туралған көкөністерді тәрелкеге салып, көрінетін жерге қойыңыз: сәбіз, қияр, түрлі түсті болгар бұрышы, жүгері, гүлді орамжапырақ және т.б. Сол секілді көкөністер қосылған тамақты да дастархан үстіне қалдырыңыз. Бірақ баланы оларды жеуге қинамаңыз. Жай үстелдің үстіне қойып қойыңыз.
2. Көкөністерді тамаққа білінбейтіндей етіп салыңыз
Әрбір адамның сүйікті тамағы бар және кез келген тамаққа көкөністерді молынан әрі білдіртпей салуға болады. Мысалы, үккіштен өткізілген кәдіні котлетке, лазанья немесе ет фрикаделькаларына қоссаңыз, ол «еріп» кетеді. Макаронға дүкеннен сатып алынған томат пастасын емес, қызанақты қабығын алып салыңыз. Сәбізді де тамақтарға үккіштің ұсағынан өткізіп салсаңыз, аса білінбейді.
3. Балалардан көмек сұраңыз
Кез келген жастағы бала өзі сатып алған, дайындаған немесе өсірген нәрсені қуана-қуана жейді. Сондықтан олардың бұл ынтасын пайдалану керек! Дүкенде баладан бүгін дайындағысы келетін көкөністерді кәрзеңкеге салуын сұраңыз. Салат дайындарда балаларды шақырыңыз: мысалы, қияр турасын. Үйдің ішіне шағын бақша жасауға болады: черри қызанағын, кішкентай бұршақтарды терезенің алдында өсіріңіз. Оларды суаруды балаға тапсырыңыз.
4. Көкөністі тұздық дайындаңыз
Балаңыз макарон жегенді ұнатса және басқа тағамдардан бас тартса, оған кетчуптың орнына пайдалы тұздық дайындап беріңіз. Тұздықты сәбіз, пияз, кәді және басқа да көкөністерден дайындауға болады. Ол үшін барлық көкөністерді жұмсарғанша бұқтырып пісіріп, содан соң блендермен езіңіз. Тұздықты дайындау процесін балаға көрсетпей-ақ қойыңыз.
5. Үлгі болыңыз
Бұл ең маңызды ереже. Баламен көкөністердің пайдасы жайлы ұзақ сөйлесу, қорқыту немесе көндіруге қарағанда жеке үлгі көрсету тиімдірек. Егер үйдегі ересектер күнде көкөністі салат дайындап жесе, тіскебасар ретінде өзімен бірге көкөністер мен жемістерді алып жүрсе, серуенге немесе көкке шыққанда қытырлақ картоп (чипсы) сатып алмай, пайдалы тіскебасарлар дайындап алып жүрсе, міндетті түрде балалар да бұл пайдалы әдетті бойларына сіңіреді.