Суықтап қалу да, ыстықтап кету де балаға зиян. Балаларда термореттеу ересектерге қарағанда басқаша жұмыс істейді. Балаларда салқын тию 3 есе жылдам жүреді. Ал өзі айта алмайтын кішкентай балалардың, соның ішінде жаңа туған нәрестелердің тоңып қалғанын қалай білуге болады?
Аяқ-қолының салқын болуы
Аяқ-қолының салқын болуы - баланың тоңғанын көрсететін белгінің бірі. Бірақ жағдай керісінше болуы да мүмкін. Себебі бала терлесе де, термореттеу жүйесінің жетілмегендігінен, жылу суық аяқ-қол арқылы шығады. Оған қоса, әдетте, қол, мұрын ашық тұратындықтан, сол жерлер бірінші салқындап кетеді. Сондықтан баланың аяқ-қолы салқын болса, оның арқасы мен мойнының артын ұстап көрген жөн. Алдымен қолыңызды жылытып алуды ұмытпаңыз.
Тоңып қалған баланы жылыту үшін аяқ-қолына жайлап массаж жасап жіберіңіз. Бұл қан айналымды жақсартады және дене температурасын арттырады.
Аяқ-қолдың және иектің дірілдеуі
Жаңа туған нәрестелердің иегі дірілдесе, невропатологтың кеңесін алған жөн. Себебі ол орталық жүйке жүйесі жұмысының бұзылуы болуы мүмкін. Ал 1 жастан асқан балалардың тоңғанда жиі аяқ-қолы мен иегі дірілдейді.
Ықылық тию
Ықылық ағзаның суық ауа жұтқанына әсер ретінде пайда болады және көкеттің қысылып қалуынан дамиды. Еметін нәрестелерде тамақ ішкеннен кейін де ықылық пайда болуы мүмкін: бала емгенде немесе бөтелкеден сүт ішкенде ауа жұтып қояды. Егер баланың аяқ-қолы салқын болса және ықылық тисе, ол оның тоңып қалғанын білдіреді.
Терінің мәрмәрлігі
Егер бала тоңса, оның терісі әдеттегіден бозарып кетеді. Мұрын-ерін үшбұрышына мән беріңіз, бала тоңса, ол көгеріп кетеді. Терінің бозаруы мен оның мәрмәрлігіне төмен белсенділік, жылау, ұйқышылдық, ылғал аяқ-қол қосылады.
Бала суықтап қалмас үшін не істеу керек?
- Баланы ауа райына сай киіндіру;
- Балаға киімді өзіңізге қарағанда бір қабат артық кигізу;
- Суық мерзімде далада бөтелкеден су бермеу;
- Қыста 15-30 минуттан артық серуендемеу;
- Дала суық, оған қоса жел бар болса, серуендеуден бас тарту;
- Аяқ-қолды үнемі жылы ұстау;
Ескерту: Егер баланың тоңып қалғанын білдіретін белгілерді байқасаңыз, оны жылыту керек. Бірақ оны біртіндеп жасау керек. Балаңызды қолыңызға алыңыз, ғимараттың ішіне кіріңіз, үстіне жамылғы жабыңыз. Кішкентай баланы ысқылауға болмайды, ол қан тамырлардың зақымдалуына әкеледі. Оған бірден ыстық сұйықтық беруге және жылытқыштың, пештің қасына жатқызуға болмайды. Дене температурасы бірден емес, біртіндеп өзгеруі керек.