- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Баланың тәбеті нашар...
Баланың тәбеті нашар болса...
Ата-ана баласының тамаққа тәбеті болмаса, уайымдайды. Тамақ жемегені үшін кейде ұрсады немесе қорқытады. Бұл әрекетімен баланың тамақтануға деген қалауын тіптен жоғалтып жібереді. Егер балаңыз аз тамақтанатын секілді көрінсе, үш күн бойы оның жеген тамақтарын жазып жүріңіз. Себебі кейде бала анасы ойлағандай аз тамақтанбайды, керісінше, анасы баланы қатты тойдырғысы келетін болып шығады.
Міндетті түрде, баланың күнделікті тамақтануына анализ жасаңыз. Мысалы, балаңыз сусынды көп мөлшерде ішетіндіктен, өзін күні бойы тоқ сезінуі мүмкін. Ол кезде сусынның мөлшерін шектеу керек болады. Ал егер өзіңіз жасаған анализден соң, шынымен бала себепсіз аз тамақтанатын болса, төмендегі кеңестерді қолданып көріңіз.
Балаға аз-аздан, бірақ жиі тамақ ұсыныңыз
Тамаққа толы тәрелкені көріп, баланың көңіл күйі түсіп кетуі мүмкін. егер тәрелкеде тамақ аз болса, ол жегісі келмесе де, оны жылдам тауыса алатындығын түсінеді.
Баланың нашар тәбетін ескеріп, "арнайы тапсырмасын" орындаңыз
Екі жастан (кейде бір жастан) бастап бала не жегісі келетінін айта алуы мүмкін. Балаға қинап пайдалы сәбіз немесе басқа да өзіңіз қалаған тамақты беруге тырыспаңыз. Оған таңдау жасатыңыз: "Құймақ па әлде сорпа ма?". Егер бала түскі ас жегісі келмесе, қинамаңыз. Ол кешкі асты тауысып алатын болады. Бастысы, арасында тіскебасар беріп қоймаңыз.
Отбасы мүшелерімен бірге тамақтаныңыз
Әкесі мен анасының (басқа да отбасы мүшелері) қасында отырып, бірге тамақтану баланың тәбетіне жақсы әсер береді. Себебі бала ересектерге ұқсағысы келіп, олардың іс-әрекеттерін қайталайды. Балаға дастархан басында өзін ұстау ережелерін өз үлгіңізбен көрсетіңіз. Бастапқыда, қасықты жөнді ұстай алмай, айнала шашып жесе, айқайламаңыз.
Бала тамағын безендіріңіз
Баланың тамағы барынша дәмді көрінуін қадағалаңыз. Ең қарапайым тағам ның өзін безендіріңіз. Көкөністерді әдеттегідей төртбұрышты етіп турамай, үшбұрыш, ромб, дөңгелек және т.б пішінді етіңіз.
Баланың өздігінше тамақтануына рұқсат беріңіз
Балаға тәрелкедегі тамақты бұлғаған ұнайды. Егер ол төгілген тамақ үшін немесе үстін бүлдіргені үшін анасы ұрыспайтынын білсе, көңіл көтере отырып, тамақты тауысып қоюы да мүмкін. Сонымен қатар, бала алдындағы тамағымен ойнап отқанда, екінші жақтан өзіңіз асықпай аузына тамақ салып отыруыңызға болады.
Тамақты бірге дайындаңыз
Бірге дайындалған тамақты бала жеп көргісі келуі мүмкін. Әрине, тамақ пісірудегі баланың көмегі асүйді тазалауда қосымша жұмыс қосып беруі мүмкін. Бірақ, оның күлкісі мен өзін керек сезінуінен артық ештеңе жоқ екенін ескеріңіз.
Далада серуендеңіз
Тамақтанар алдында баланы далаға шығарып ойнатыңыз. Көп қозғалыс және таза ауа қарынды аштырады.
Жағымды эмоция нашар тәбетті жеңеді
Әрине, 1 сағат дайындаған тамағыңызды бала жемейтіндігін айтып, түкіріп отса, ашу шақыратыны анық. Бірақ, барынша сабырлық сақтауға тырысыңыз. Айқаймен ештеңеге жетпейсіз. Себебі бала тамаққа қатысты негативті эмоцияны сезген бойда көңіл күйі түседі және ол денсаулығына да өз әсерін береді. Сондықтан позитивті болыңыз!
А. Жапатова