- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Баланың ойындарға тәуелділігін...
Баланың ойындарға тәуелділігін көрсететін 7 белгі
Ойындарға тәуелділікті лудомания деп атайды. Ол ересектерде де, балаларда да болуы мүмкін. Ол басқа да тәуелділіктер секілді зиян. Лудомания бала дамуына физикалық та, психикалық та зиян келтіруі мүмкін. Баланың қандай әрекетінен оның компьютерлік ойындарға тәуелділігін көруге болады?
Бала басқа нәрселерге қызығушылығын жоғалтты
Егер бала ойындармен қатты әуестеніп кетсе, ол оған көп уақытын жұмсайтын болады. Сол үшін оның қызығушылықтары мен хоббилері жөнінде қалады. Егер бұрын ол беріліп сурет салып, жиі далада серуендегенді жақсы көрсе немесе теледидардан жануарлар жайлы бағдарламалар қараса, қазір тек компьютердің алдында отырады. Бұл оның ойындарға тәуелді бола түскенін көрсетеді. Сондай-ақ, бала компьютер немесе смартфон жоқ кезде немен айналысатынын білмейді: ол жайдан-жай үйдің ішінде сандалып жүреді, ал бір істі бастаса, аяғына дейін жеткізбейді.
Ол ойын ойнау уақытын бақылай алмайды
Сіз оған жарты сағат ойнауға рұқсат бердіңіз, ал бала қалай екі сағат өтіп кеткенін байқамай қалды. Ол ойынға «кіріп» кеткендіктен, байқамай қалғанын және әдейі істемегенін айтады.
Егер бұл жағдай өте жиі қайталанса, ол тәуелділіктің бір белгісі болуы мүмкін. Бала байқамай қалғанын айтып ақталатын болса, оның компьютер алдында отыру уақытын өзіңіз бақылаңыз немесе компьютер нақты уақыттан соң автоматты түрде сөнетін етіп қойыңыз.
Оның көңіл күйі құбылмалы болып кетті
Баланың мектептен көңіл күйі жоқ болып келгенін байқадыңыз. Алайда ол компьютерге ойнауға отырып еді, көңіл күйі бірден өзгеріп кетті: ол сергек әрі көңілді бола түсті.
Басқа да тәуелділіктер кезіндегідей көңіл күйдің бұлай бірден өзгеруі нақты нәрседен қанағат алу сезімімен байланысты. Ол қайтару нышанатына (синдром отмены) айналуы мүмкін. Ойын ойнау мүмкіндігі болмаса, баланың көңіл күйі түсіп, өзін жабырқаңқы сезінеді. Сондай-ақ оның көңіл күйі агрессия жағына қарай өзгеруі мүмкін. Егер оны компьютердік ойыннан алаңдатқыңыз келсе, ол ашуға салынады.
Бала кенеттен араласатын ортасын ауыстырады
Бала ойындармен қатты әуестеніп кетсе, ойындарды түсінбейтін адамдарға қарағанда өзімен пікірлестерді іздей бастайды.
Оның жаңа шынайы немесе виртуалды достары пайда болуы мүмкін. Олар туралы сіз кездейсоқ білесіз. Ал бұрынғы достарымен араласпай кетеді, себебі олар оның қызығушылығын бөліспейді. Сондықтан ескі достарымен іші пысады. Сондай-ақ бала көзбен-көз әңгімелесуге, адамдармен араласуға қызығушылығын жоғалтып, тек ойындағы достарымен ғана шектелуі мүмкін.
Үнемі ойнауға болатын құрылғы іздеп жүреді
Балалар нақты ойынға немесе жалпы процеске тәуелді болуы мүмкін. Бұл жағдайда ол ойын ойнаудың кез келген мүмкіндігін іздеп отырады.
Баланың өзін қалай ұстайтынын бақылаңыз. Егер компьютерді сөндіріп тастасаңыз, оны жалғастыру үшін қолына смартфонды алады. Смартфон болмаса, ағасының, әпкесінің, тіпті, келген қонақтың да құрылғыларына жабыса кетеді.
Үйінде ойын ойнауға тыйым салатын кей балалар компьютерлік клубтарда немесе достарының үйінде ойнайды. Бұл жиі өтірікпен бірге жүреді. Мысалы, аулаға ойнауға шығатынын немесе мектепте қосымша сабақ болатынын өтірік айтады.
Оның үлгерімі нашарлайды
Баланың мектептегі бағалары түрлі себептерден, соның ішінде тәуелділіктен нашарлауы мүмкін. Себебі бала үй тапсырмасын орындаудың орнына ойын ойнағанды жөн көреді. Бала, тіпті, сабақтың үстінде ойын ойнап отыруы немесе сүйікті кейіпкерлері жайлы ақпарат іздеп отыруы мүмкін.
Баланың күн тәртібі бұзылды
Бұған көбіне жасы үлкен балалар жолығады. Себебі оларды ата-аналары кішкентай баланы секілді бақыламайды. Олардың тамақтану әдеті немесе ұйқыға жату уақыты өзгеруі мүмкін. Мысалы, бала ойынын үзіп жібермес үшін түскі ас ішпей отыра береді.
А. Жапатова