Баланың ойлауы. Бала айналасындағы заттарды, көріністі біліп қана қоймайды, соларды ұққысы келеді. Яғни солар туралы ұғым жасауға, хұкім һәм ой шығаруға ұмтылады. Үш жастан былай бала дамылсыз «Мынау не? Бұл неге жатады? Мынау іс не үшін істеледі?» деген сықылды сұрауларды бере береді. Міне, осы сұраулар балада ойлау болатынын көрсетеді. Бірақ баланың ойлауы терең емес. Баланың жанында суреттеулер аз. Суреттеулерден ұғым жасай алмайды. Сондықтан баланың бір зат туралы ұғымы сол заттың суреті болады. Мысалы, бала ағаш туралы ойлағанда, белгілі бір ағаш туралы ғана ойлайды. Баладан «Зат деген не?» деп сұрасаң, «Менің бөркім, менің атамның бөркі» дейді. Баланың жаңа ой шығаруы да терең емес. Дедукция бойынша, жалпыдан жалқыға, индукция бойынша жалқыдан жалпыға ой жүргізуді бала білмейді. Бала аналогия бойынша ойлайды. Мұнда да көбінесе сыртқы болмашы сындарына қарайды. 2 жыл 10 айлық бір бала тәрелкеге су құйып, ішіне ет салыпты. Не үшін? Етті суға ерітем деп. Бұрын солай қантты еріткені бар екен. 10 жасар бір америка баласының мұғалімі тапал бойлы, ашуланшақ адам болыпты. Бір уақытта осы мұғалім кеткен соң әкесі басқа бір мұғалім алыпты. Бұл мұғалім де тапал екен. Сондықтан жаңа мұғалімге бала айтыпты: «Мен сізден қорқам, сіз ашуланшақ шығарсыз?» - деп. «Оны қайдан білдің?» - деп сұрайды мұғалім. «Сіз де тапал екенсіз», - депті бала.
Ойлауды өркендету жолдары. Ойлау – жанның өте бір қиын, терең ісі. Жас балаға ойлау тым ауыр. Сондықтан тәрбиеші баланың ойлауын өркендеткенде сақтықпен басқыштап іс істеу керек. Өркендету жолдары мыналар:
1) Баланың жанында дұрыс әсерленулер һәм ашық суреттеулердің көп болуына ықтиһат қылу керек. Әсерленулер, суреттеулер өздері аз болып және дұрыс һәм ашық болмаса, баланың ұғым, хұкім жасауы һәм ой шығаруы қате болады. Ойдың өзінің терең болуы үшін әсерлену һәм суреттеулердің көп және ашық болуы керек. Қанша дегенмен адам суреттеулер бойынша ойлайды. Сондықтан балаға бір пікірді ұқтырмақшы болсақ, жалаңаш пікірді айтуда қасиет жоқ, бала пікірді суреттеудің өзінен шығарып алсын.
2) Бала заттарды, көріністері ұқсас сындары бойынша тап-тапқа бөліп үйренсін. Мысалы, дыбыстарды, харіптерді бөлу, өсімдікті, жануарды тап-тапқа бөлу сықылды. Бірақ баланы заттарды, көріністерді тап-тапқа бөлгізіп үйреткенде, жеңілден ауырға көшуді естен шығармауға керек.
3) Бала көріністердің, ойлардың араларындағы байламды һәм олардың қайсысы қайсысына себеп екенін тауып үйренсін. Бұл балаға мысалдардан ереже-заң шығартқызып үйрету сықылды істермен болады.
Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабынан
Ұқсас жазбалар:
Баланың қиялын жетілдіру үшін
Бала тілі - бал